Мемлекеттік тілді жетік білмей алға жылжу мүмкін емес - Ирина Беляева

1 Желтоқсан 2021, 13:10
1107
Бөлісу:
Мемлекеттік тілді жетік білмей алға жылжу мүмкін емес - Ирина Беляева

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстауда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Тұңғыш Президенті күні және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өткен шарада өңір басшысы Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтарға жылы лебізін білдіріп, мерекенің маңыздылығын атап өтті.

Жуырда ашылған «Мәміле» тіл үйренушілер клубына аз уақыт ішінде 100-ден аса Ассамблея мүшесі жазылған. Жиында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Ирина Беляева да қазақ тілін үйрене бастағанын атап өтті. 

Мемлекеттік тілді жетік білмей алға жылжу мүмкін емес екендігін түсініп, қазақ тілін үйрене бастадым. Онсыз болашақ жоқ. Тіл меңгеру аса қиын емес екен. Адам баласы алға мақсат қоя білсе алынбайтын қамал жоқ, - деді ол. 

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев кеңес мүшелерін қазақ тілінің этносаралық коммуникация тілі ретіндегі мәртебесін нығайтуға, қолданысын кеңейтуге шақырды.

Тіл үйренгенде, алдымен, грамматиканы емес, ауызекі түрде сөйлеуді меңгеру қажет. Қазақ тілін енді үйрене бастағандарға күлмей, барынша қолдау көрсетуге дағдыланайық. Сонда ғана қазақ тілінде сөйлейтін азаматтардың саны артады, - деді облыс әкімі. 

Жиын соңында Нұрлан Ноғаев Ассамблея мүшелеріне ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының атынан Алғыс хат табыстап, шығармашылық табыс тіледі.

Өзгелердің жаңалығы