Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада ҚХА Төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасы Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Мемлекеттік тіл – келісім мен бірліктің негізі» атты жиын өтті. Бұл туралы «Қоғамдық келісім» РММ баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында мемлекеттік тілді оқыту және дамытуға, латын жазуына көшуге бағытталған жобалар таныстырылды.
Жиынға Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалым хатшысы Анар Фазылжанова, «Ахуалды қазақ тілі» кітабының авторы, жазушы Қанат Тасыбеков, оқу орындарының оқытушылары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және басқа да сала мамандары қатысты.
Жиында сөз алған Жансейіт Түймебаев мемлекеттік тіл қоғамдағы келісім мен бірліктің негізі екенін ерекше атап өтті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының негізгі бағытының бірі – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту. Себебі, тіл – қатым-қатынас құралы ретінде көпэтносты Қазақстан халқын біріктіруші күш. Сондықтан еліміздегі барлық этностың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін барынша күш жұмсауымыз қажет. Біріншіден, Қазақстанның әрбір азаматы орта білімді тәмамдаған кезде мемлекеттік тілді толықтай білуі тиіс. Екіншіден, мемлекеттік тілді білмейтін алдыңғы буын, сондай-ақ, ұзақ уақытқа қоныс аударып келген адамдар үшін қазақ тілін аз уақыттың ішінде үйренуге жағдай туғызамыз. Бұл кезекте Ассамблея этностарға өз тілін меңгеруіне қалай қолайлы жағдай туғызса, еліміздің мемлекеттік тілдің үйренуіне де солай ыңғайлы жағдай туғызу үшін жұмыс істейді», - деді Жансейіт Түймебаев.
Сонымен қатар ол ҚХА-ның 5 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Қазақ тілінің ұлттық корпусы» туралы да сөз қозғады.
Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ғылыми-практикалық орталығының ғылыми хатшысы Анара Фазылжанованың айтуынша, ұлттық мемлекеттік тіл корпусы – белгілі бір тілдегі мәтіндерді электрондық нұсқада жинақтап, толықтырып отыруға бағытталған тілдің ақпараттық-анықтамалық ашық алаңы. Ал белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Камал Әлпейісова ҚХА-ның «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы туралы баяндады.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, «Сиқырлы әріптер мен сөздер әлемінде» кешені негізінде мектеп жасына дейінгі балаларды қазақ тіліне үйрету және басқа да мәселелер талқыланды. Ал тілді меңгергісі келетіндерге тиісті орта құру мақсатында жасалған «Мәміле» жобасы және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған «Шаңырақ» жобасы ұсынылып, «Shuǵylakіtap» баспасының «Үш тілдің патшалығы. The kingdom of three languages. Королевство трех языков» оқу-әдістемелік кешені негізінде мектепке дейінгі үштілді білім беруді іске асыру туралы ақпарат берілді.