Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қызметшілер тек қызмет бабы бойынша жеткен жетістігі үшін сый мен марапатқа ие бола алады. Одан өзге сыйдың барлығына тыйым салынды.
Бұл туралы бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентті Әкімшілік-құқықтық департаментінің директоры Айгүл Базарбаева мәлім етті.
Сыйлық жасауға тыйым салынған тұлғалар шеңбері де кеңейді. Бұдан былай бұл тізімге мемлекеттік қызметшілер ғана емес, квазимемлекеттік мекемелердің лауазымды тұлғалары мен мемлекеттік қызметшілерге теңестірілген тұлғалар мен олардың отбасы мүшелері де енгізілді. Сондай-ақ, ресми және хаттама толтырылатын кез келген шара барысында да сый жасауға тыйым салынды.
Осыған дейін мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасына Азаматтық кодекс бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде сый жасауға рұқсат етілген. Алайда, дәл сол кодексте 2 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жасалған сый қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соғатын.
Сондықтан 10 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі сый жасауға рұқсат берілген бап алынып тасталды. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер тек қызмет бабы бойынша жеткен жетістігі үшін сый мен марапатқа ие бола алады. Ал олардың қатысынсыз жасалған сый мен шара барысында жасалған сыйлар мемлекет меншігіне өтеді, - деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы 6 қазанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл туралы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заңына қол қойды. Өзгерістер еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен жазаны қатаңдатуға бағытталған. Осы заң негізінде еліміздің 3 кодексі мен 10 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Бұған дейін мемлекеттік қызметшіге жасалған сый мемлекет меншігі саналатыны белгілі болды.