Мемлекеттік қызметке тестілеу 24/7 қолжетімді болады

9 Желтоқсан 2022, 18:46
1576
Бөлісу:
Мемлекеттік қызметке тестілеу 24/7 қолжетімді болады

Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Астана қаласында өткен «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» HR форумында баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

 «Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен мемлекеттік қызметке орналасу конкурстарының әділдігін қамтамасыз ету үшін «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінің сыртқы порталында мемлекеттік қызметке жаңа іріктеу алгоритмі әзірленіп, конкурстық рәсімді өткізу форматы қайта қаралды. Конкурстық рәсімнің жаңа форматы үміткерлерге алдын ала белгіленген уақытта өтетін әңгімелесуден басқа барлық кезеңдерде кез келген уақытта және әлемнің кез келген нүктесінен конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді», – деді Агенттік төрағасы.

Тестілеуден өту қағидаларын сақтау Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу барысында қолданылып, тиімділігін көрсеткен – прокторинг жүйесі арқылы қамтамасыз ету көзделген.

Әзірленген іріктеу алгоритмі – заңнаманы білуге арналған 4 нормативтік құқықтық актілер бойынша тестілеуді (Конституция, Мемлекеттік қызмет және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдары, Әдеп кодексі); қабілеттілік пен құзыреттілікті тестілеуді (IQ, EQ, SQ тестілеу); басшылық лауазымдар үшін – эссе жазуды (орындаушылық лауазымдар үшін осы талапты мемлекеттік органдар өздері белгілей алады); салалық және тәуелсіз сарапшылардан, HR мамандар, Әдеп жөніндегі уәкілдерден тұратын конкурстық комиссиямен әңгімелесуді қамтиды.

МҚІА басшысының айтуынша, іріктеудің бұл тәсілдерін 2023 жылы «Е-қызмет» ақпараттық жүйесінде пилоттық апробациядан өткізу жоспарлануда. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру мақсатында жекелеген саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің  («А»   корпусы   және   «Б»   корпусының жоғары лауазымдары саяси лауазымдарға әлеуетті кандидаттар ретінде) құзыреттілігін 2 жылда бір рет ассессмент-орталықтың көмегімен бағалау қарастырылуда. Агенттік кем дегенде 1800 адамға ассессмент өткізуді көздеп отыр.

Атап өту керек, 9 желтоқсанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында «Мемлекеттік қызметтегі HR: персоналды стратегиялық басқаруға көшу» HR форумы өтті. Форумға мемлекеттік органдардың өкілдері, HR саласындағы отандық және шетелдік сарапшылар, Түркия, Оңтүстік Корея, БАЭ, Мажарстан, Әзірбайжан және де Орталық Азия елдерінің делегаттары қатысты.

Өзгелердің жаңалығы