Мемлекеттік органдардың басшылары жемқорлық үшін сотталды

10 Қазан 2023, 09:17
705
Бөлісу:
Мемлекеттік органдардың басшылары жемқорлық үшін сотталды
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Мемлекеттік органдардың басшылары жемқорлық үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен пара алғаны үшін (ҚК 366-бабы):
- Астана ТЖД басқармасының бастығы Б. Бейсенқанов 5 жылға бас бостандығынан айыруға;
- құрылыс басқармасының басшысы А. Жанғасканов 4,5 жылға бас бостандығынан айыруға;
- Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары Ғ. Айтжанова 60 миллион теңге айыппұлға;
- ІМАД бас маманы А. Әбішева 90 миллион теңге айыппұлға сотталды.

Лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін (ҚР ҚК 361-бабы) Астана құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ж. Мырзахметов 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.

Аталған адамдар мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.

ТЖД басқарма бастығы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы Орталық стадион апатты деп тану туралы құжаттаманы келіскені үшін құрылыс компаниясы өкілінен 5 млн теңге сомасында пара алды деп күдіктенді.

Басшының орынбасары және ІМАД бас маманы аудиторлық тексеру бойынша оң қорытынды үшін жеке компания өкілдерінен 2 млн теңге сомасында пара алды деп айыпталды.

Астана қаласы құрылыс басқармасының басшысы мен оның орынбасарына лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін айып тағылды. Олар құрылыс компаниясын 21 млн теңгеден астам сомаға материалдық құндылықтарды сатып алуға көндірген.

Сондай-ақ, Құрылыс басқармасының басшысы жалпы қамқорлығы және мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін ЖШС басшылығынан 400 мың теңге сомасында пара алды деп айыпталды.

Осы үкіммен жеке құрылыс компаниясының өкілдері жоғарыда аталған барлық лауазымды тұлғаларға пара бергені үшін жалпы сомасы 500 млн теңгеге жуық айыппұл салуға сотталды.

ҚК 41-бабына сәйкес айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда жаза шарасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы