Мемлекеттік органдар жіберген хаттарға халықтың ашуы келеді – Бегалиева

29 Қараша 2022, 17:03
1628
Бөлісу:
Мемлекеттік органдар жіберген хаттарға халықтың ашуы келеді – Бегалиева
Фото: автордан

Әлеуметтік сала әрбір азаматты толғандырады. Мемлекет өз кезегінде әлеуметтік толқуды азайту үшін қадамдар жасап жатыр. Алайда оған халық та атсалыспаса болмайды. Яғни қазақстандықтарды не қызықтыратынын құқықтық шеңберде мемлекетке жеткізу маңызды, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.

Мемлекет пен халықтың тиімді коммуникациясын жолға қою мақсатында ITeachMe қоғамдық қоры АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі қаржыландыруымен «Орталық Азиядағы әлеуметтік инновациялар» бағдарламасы шеңберінде және Еуразия қорының қолдауымен Adaldyq Council жобасын құрды. 

Аталған жоба авторы – ITeachMe қорының директоры Захира Бегалиева осы жоба аясында қандай нәтижелерге қол жеткізілгенін айтып берді.

Мемлекеттік органдар жіберген хаттарға халықтың ашуы келеді – Бегалиева

- Захира, бұл жобаны жүзеге асырудағы мақсатыңыз қандай?

- ITeachMe қорының барлық қызметі қоғаммен жұмыс істеуге негізделген. Біз әртүрлі санаттағы адамдармен қарым-қатынас жасаймыз. Мүгедектігі бар жастарды заманауи дағдыларға үйретеміз, мүгедектігі бар жасөспірімдердің ата-аналарымен жұмыс істейміз. Сондай-ақ бізге әртүрлі сұраулары бар хабарламалар келіп түседі. Оларға жауап беріп, әрбір мәселеге бойлауға уақыт болмайды. Сондықтан сұраныс ұсынысты тудырды десем болады.

Adaldyq council жобасының идеясы мен мақсаты – бізге жүгінген әрбір адамға сапалы кеңес бере алатын халық сарапшыларының пулын тәрбиелеу. Екінші мақсат – мемлекетпен диалог орнату. Бұл пилоттық жоба және онда біз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін халықтың әл-ауқатын күзететін негізгі орган ретінде негізге алдық.

- Айтыңызшы, сіз «халық сарапшылары» деп атап өттіңіз. Неліктен халық?

- Бұл сұрақты маған тіпті халық сарапшылары да жиі қояды (Күлді). Өйткені халық ауызекі, түсінікті тілде сөйлейді. Жиі кездесетін жағдай: біз мемлекеттік органдарға хат жазамыз, бірақ олардан мүлде түсініксіз тілде жауап келеді. Мемлекеттік органдар жіберген хаттарға халықтың ашуы келеді. Өйткені ол хаттар көбінесе кәсіби, заңнамалық терминологиямен жазылады. Ал халық ол жауаппен ары қарай не істеу керегін білмейді. Сондықтан халық сарапшылары адамдар мен мемлекеттік органдар арасындағы формальды қарым-қатынасты жеңілдетуге көмектеседі. Біз оларды әзілдеп аудармашылар деп атаймыз.

- Ал сіздерге келіп түсетін сұрақтарға келетін болсақ, олар не жайлы?

- Сұрақтар әртүрлі. Еңбек саласы және оңалту, кәсіби даму, әлеуметтік қызметтер алу, мүгедек адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға қатысты. Соңғы уақытта білім беру гранттарын алу бойынша мемлекеттік бағдарламалардың мәселелері де жиі кездесіп жүр.

Бұл ақпараттың барлығы интернет желісінде қолжетімді, мемлекеттік органдар барлық қажетті ақпаратты тұрақты негізде жариялайды, бірақ қайталап айтамын, ресми жарияланымдарды әркім түсіне алмайды және қажетті ақпаратты қайдан іздеу керегін бәрі бірдей біле бермейді.

- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен диалог құру қалай жүріп жатыр?

- Жоба басталған 2022 жылдың ақпан айында біз мемлекеттік органдарға түсетін өтініштердің бізде бар арналарына талдау жасадық және олардың көптігі тек шатастыратынын түсіндік. Дайын талдаумен біз министрлікке жүгіндік және жүйені жеңілдетуге көмектесуін сұрадық. Біз бір порталда өтініштердің барлық арналарын жинадық және оның жеңілдетілген түрдегі баламасын ұсындық. Бұл қоғамға ыңғайлы, яғни іздеудің, талдаудың қажеті жоқ, олар бізге жүгінеді, біз қажетті органға жібереміз. Барлығына ыңғайлы.

Қазір министрлікпен жақсы қарым-қатынас орнатып, министрлік өкілдерімен үнемі кездесулер өткіземіз. Онлайн режимде халық сарапшылары ең күрделі мәселелермен бөліседі және оларды министрлікпен бірлесіп шешуге тырысады.

- Халық сарапшыларымен қалай байланысуға болады?

- Ең тиімді тәсіл сұрауды expert.iteachme@gmail.com электронды поштасына жіберу немесе 8 708 970 91 52 вацап нөміріне жазу. Біздің сарапшылар сізбен байланысады.

- Бұл жобаны басқа мемлекеттік органдарда жүзеге асыру жоспарда бар ма?

- Жоба оны жүзеге асыру қажет екенін көрсетті. Біздің тәжірибеміз халықпен тікелей байланыста болатын басқа органдар үшін де пайдалы болатынына сенімдіміз және әрбір адам мемлекетпен қарым-қатынас жасай алуы үшін біз барлық біліміміз бен әзірлемелерімізбен қуана-қуана бөлісеміз.  

Өзгелердің жаңалығы