Мемлекеттік органдар қаржы алаяқтары жайында ескертеді!

19 Тамыз 2022, 18:47
1540
Бөлісу:
Мемлекеттік органдар қаржы алаяқтары жайында ескертеді!

 Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары, сондай-ақ Алматы қаласы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов қатысқан Алматы қ. ОКҚ алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг аясында азаматтар қаржылық алаяқтықтың негізгі схемалары жайында ескертілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әлеуметтік инженерия және жалған инвестициялар

 Қазіргі заманғы алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін қолданады, яғни әр түрлі психологиялық және әлеуметтанушылық әдістер, айла-шарғылар мен АT-технологиялар арқылы құрбандарына шабуыл жасайды. Нәтижесінде адам әлеуметтік инженерлерге барлық қажетті ақпаратты: төлем карталарының деректемелерін, электрондық поштаның, мобильді банкингтегі жеке кабинеттің құпия сөздерін және басқа да құпия ақпаратты өз еркімен береді.

Сонымен бірге, әлеуметтік инженерлердің сүйікті құралы – фишинг. Егер бұрын қаскүнемдер жай ғана фишингтік сайттарға сілтемелерді электрондық пошта немесе SMS арқылы жіберетін болса, бүгінде олар әлеуметтік желілерде пайдаланушыларды фишингтік сайттарға апаратын фейк аккаунттар ашады.

Мысалы, Алматы телеарнасының аккаунты түрінде қаскүнемдер Илон Маск құрған Tesla компаниясының биржада «акциялар мен алтын валюталарды саудалайтын-мыс» платформасы туралы сюжетті «жаңалық» түрінде таратады. Бұл – қор нарығындағы автоматты түрде сауда жасайтын робот. Тұрақты негізде тұрақты және пассивті кіріс алғысы келетіндер тек платформада тіркеліп, оқуға жарты сағат уақыт жұмсап, инвестиция сала бастауы керек. Платформаны жасаушылардың айтуынша, қаражатты шығару тіркелгеннен кейін келесі күні, 24/7 режимінде Қазақстанның кез келген картасында қолжетімді және 5 минуттан 10 минутқа дейін уақыт алады. Алайда, компания қызмет көрсеткені үшін салынған қаражаттың 1,5%-ын алады.

Мемлекеттік органдар қаржы алаяқтары жайында ескертеді!

Осы платформа туралы посттың астында өз пайдасын көрсетіп, осы платформаға ақша салуға шақыратын, ризашылығын білдірген инвесторлардың жалған пікірлері жарияланған.

Тағы бір мысал – KAZ Minerals, Қазақмыс, ҚазМұнайГаз компанияларының бірегей инвестициялық жобалары, ол жобалар туралы ақпаратты алаяқтар танымал әлеуметтік желілерге таратады. Алаяқтар пайдаланушыларға «бастапқы инвестициясы 53 мың теңге, 4 аптағы кірісі 890 мың теңгеге дейін» деп уәде беріп, мұнай-газ және мыс өндіретін компаниялардың командасына қосылуға шақырады. Платформаға кіру үшін фишинг сайтта сауалнамадан өту қажет, онда өз деректеріңізді: аты-жөніңізді, электрондық мекенжайыңызды және телефон нөміріңізді қалдыру қажет. Әлеуметтік инженерлерге адамның ұзақ уақыт ойланғаны қажет емес, сондықтан олар өз жазбаларында платформаға тіркелу жақында аяқталатынын хабарлайды.

Аңғарымды пайдаланушылар посттар мен фишинг сайттарда алаяқтардың атынан әрекет ететін компаниялардың логотиптері қолданылатынына қарамастан, көптеген грамматикалық қателер бар екенін байқайды. Қалай болса, солай жасалған дизайны мен оғаш URL мекенжайы көзге ерсі көрінеді.

Егер сіз алаяқтарға сеніп, инвестициялық шотыңызды «толтыру» үшін оларға ақша аударсаңыз, онда қаражатыңызды сізге ешкім қайтармайды. Әлеуметтік инженерия әдістерін қолданатын алаяқтар алдымен сізге сәтті инвестициялардан күнделікті кірістің «өсуі» бейнеленген суреттер жібереді. Бірақ іс жүзінде қор нарығында ешқандай сауда-саттық жүргізілмейді", -деді  брифинг барысында агенттік баспасөз қызметінің өкілі Дмитрий Акмаев. 

"Егер сізге желіде инвестицияның 99%-ның қайтарылуымен қор нарығында оңай табыс табуға ұсыныл жасалса немесе капиталыңызды қысқа мерзімде көбейтуге мүмкіндік беретін керемет платформаларға қолжеткізу үшін сауалнамадан өтуді сұраса, сенбеңіз"

Балалар да алаяқтардың құрбаны болуы мүмкін!

Қазіргі балаларға әсер етуі мүмкін қаржылық алаяқтықтың көпшілігі, әдетте, мобильді немесе компьютерлік ойындарды сатып алған кезде пайда болады. Көптеген онлайн-ойындарда пайдаланушыларға құрал-жабдықты, ең жоғары деңгейге дейін «жүктеу» бонустарын сатып алу немесе қандай да бір жаңа орындарды бұғаттан алу ұсынылады.

Ойнауға арналған белгілі бір заттарды жеңілдікпен сатып алу не ақылы ойынды жарнамасыз арзан бағамен сатып алу туралы ұсыныстар арбауы сөзсіз. Алайда, бұл сатып алудың бәрі қауіпсіз емес. Осылайша қаскүнемдер зиянды қосымшаларды таратады. Белгісіз дереккөзден «жеңілдікпен алынған» ойынның орнына бала жеке деректерді, оның ішінде геодеректерді жинайтын вирустық бағдарламаны жүктей алады. Яғни, алаяқтар сіздің қайда тұратыныңызды, жұмыс істейтініңізді, балаңыздың қайда оқитынын, уақытыңыздың көп бөлігін қайда өткізетіндігіңізді, демалатыныңызды, әдетте нені онлайн сатып алатыныңызды және тағы басқаларын оңай анықтай алады. Осылайша, алаяқтарға өзіңіздің және балаларыңыздың қызығушылықтарын білу қиын болмайды. Ал кейбір қосымшалар кибералаяқтарға пошта қызметтеріне, әлеуметтік желілерге кіруге мүмкіндік береді, бұл өте қауіпті, себебі әлеуметтік инженерлер банктік карталарыңыз бен шоттарыңыз туралы ақпарат ала алады.

Сақ болып, қырағылық танытыңыз! Балаларға телефоныңызды бермеңіз, оған банк карталары, әсіресе жалақы картасы байланыстырылған немесе басқа да маңызды ақпарат сақталған. Сонымен бірге телефондардан сатып алуға шектеулер қойып, бала кездейсоқ жасай алатын ақылы жазылымдарды үнемі тексеріп отыру керек.

Ата-аналары карта жасаған және өз гаджеті бар ересек балаларға күмәнді лицензияланбаған қосымшаларды жүктегенде салдары қандай болуы мүмкін екенін түсіндіру керек. Егер сіз балаңызбен бірге онлайн-сатып алғыңыз келсе, онда осы мақсаттар үшін виртуалды картаны қолданған дұрыс, оған сіз жұмсайтын соманы ғана аударуыңыз керек.

Барлық онлайн-сатып алуларды жалақымен байланыстырылмаған жеке төлем картасының көмегімен және тек тексерілген сайттарда жасаңыз. Гаджеттерге қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеп алыңыз. Электрондық пошта мен мессенджерлерге жіберілген белгісіз файлдарды ашпаңыз. Интернет-банкинг сервистерін қосатын құрылғыларда лицензиялық вирусқа қарсы бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдаланыңыз", - деп кеңес береді қаржылық реттеушінің өкілі. 

Әлеуметтік инженерлермен қарым-қатынас жасау кезінде ақшалай шығындарды болдырмаудың жалғыз жолы – лотерея ұтып алу, оңай ақша табу немесе тиімді инвестициялар болсын, ақшаға қатысты кез-келген ұсынысты сыни тұрғыдан қабылдап, ақпаратты қайта-қайта тексеру, маңызды қаржылық шешімдер қабылдаған кезде ешқашан асықпау қажет. Сандық гигиенаны сақтаңыз және өзіңізді және ақшаңызды қаржылық алаяқтардан қорғау үшін кеңестерімізге құлақ салыңыз,- делінген хабарламада.

Өзгелердің жаңалығы