Мемлекеттік органдар өздері үшін емес, халық үшін жұмыс істейтін болады

17 Наурыз 2021, 13:32
2385
Бөлісу:
Мемлекеттік органдар өздері үшін емес, халық үшін жұмыс істейтін болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қызметті әкімшілік қызметтен сервистік модельге ауыстыру мемлекеттік басқаруды реформалаудың тағы бір маңызды тұсы. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов айтты. 

Оның айтуынша,  «Мемлекеттік органдардың функциясы» деген әкімшілік термин мемлекеттік органдардың қызметін тарылтып тастады. Салдарынан мемлекеттік органдар халық үшін мемлекеттік қызмет көрсетудің орнына өздерімен-өздері жұмыс істейтін әкімшілік функцияға айналып кетті. Өйткені мемлекеттік аппараттың функцияларының саны түрлі деректер бойынша 7,5-15 мың арасында. 

Мыңнан астам нормативті акті бар. Бұдан бөлек бір қызметті бірнеше ведомство бірлесіп атқаратындықтан, ведомствоаралық жұмысты қиындатып, негізгі мақсатқа жету жайына қалады.

Осы орайда мемлекеттік органдардың функциясын ретке келтіру үшін мемлекеттік аппараттың жұмысын бизнестік модельге ауыстыру керек. Ондағы мақсат -  жұмыс істегенде ведомстволардың ішкі мүдделері үшін емес, халық пен бизнестің сұранысын қанағаттандыру үшін қызмет ететін мемлекеттік аппарат құру, - деді ол.  

Мемлекеттік қызметті әкімшілік қызметтен сервистік модельге ауыстыру мемлекеттік басқаруды реформалаудың тағы бір маңызды тұсы. 

Қайрат Келімбетовтің айтуынша, кей қызметтің «бір терезе» қағидасы бойынша беріле бастауы мемлекеттік қызметті сервистік модельге көшірудің басы болды. 

Алайда мемлекеттік қызметтердің басым көпшілігі әлі де болса, сервистік емес, әкімшілік сипатта қалып отыр. Оның себебі қазір мемлекеттік функциялардың барлығы мемлекеттік қызмет болып саналмайды. Алдағы уақытта барлық мемлекеттік аппарат қызметін осындай сервистік модельге ауыстыру қажет, - деді Келімбетов.
Бұған дейін Келімбетов Мемлекеттік стратегиялау жоспарының жаңа жүйесін таныстырған еді.
Өзгелердің жаңалығы