Мемлекеттік қызмет алуға келген 5 адамның 3-еуі орыс тіліне жүгінеді

19 Тамыз 2021, 21:39
3023
Бөлісу:
Мемлекеттік қызмет алуға келген 5 адамның 3-еуі орыс тіліне жүгінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік қызмет алуға келген 5 қазақстандықтың 3-еуі орыс тіліне жүгінеді. Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде 17 өңірдің 9-ында орыс тіліне басымдық берілген.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қазақстанда жүргізілген мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалаудың қоғамдық мониторингінің нәтижелерін ұсынды.

Мониторингтің мақсаты - барлық мемлекеттік орган мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көрсететін 70 мемлекеттік қызметтің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты қызмет алушылардың пікірлерін, мүдделерін, ұсыныстары мен қалауларын білу.

Мониторинг барысында мемлекеттік қызметтерді алушылар орыс тілін (56,9%) жиі қолданатыны анықталды. Мемлекеттік органдарға жүгінгендердің тек 43,1%-ы қазақ тілін пайдаланды.

Мемлекеттік қызмет алуға келген 5 адамның 3-еуі орыс тіліне жүгінеді

Өңірлік бөліністе Солтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік қызметтерді алу кезінде орыс тілі жиі қолданылған. Онда респонденттердің 91,5%-ы орыс тілінде сөйлеген. Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде орыс тіліне басымдық берілген өңірлер қатарына Қостанай (85,3%), Павлодар (85,1%) және Ақмола (82,2%) облыстары кірді.

Елордалық респонденттердің басым бөлігі де орыс тілін таңдады: 72,7%. Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі Алматыда (71%), Қарағандыда (67,1%), Шығыс Қазақстанда (67,1%) және Батыс Қазақстан (54,8%) облыстарында орыс тілін таңдаған.

Мемлекеттік қызмет алуға келген 5 адамның 3-еуі орыс тіліне жүгінеді

Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде қазақ тілін Түркістан (85,6%), Қызылорда (80,2%) және Атырау (78%) облыстарының тұрғындары жиі қолданған.

Осылайша еліміздің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде мемлекеттік қызметтер көбінесе орыс тілінде алынғаны анықталды. Ал оңтүстік және батыс өңірлерде (БҚО-ны қоспағанда) мемлекеттік тілге басымдық берілген.

Мониторинг нәтижелеріне сәйкес респонденттер ХҚКО-дағы менеджерлерден, оның ішінде өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарынан немесе қызмет көрсететін өзге ведомстволардың қызметкерлерінен алынған қызметтермен қанағаттану деңгейін бағалаған. Ол 5 баллдан 4,59-ды құрады. Сонымен қатар порталда немесе сайтта респонденттер өз бетінше онлайн алған қызметтерді де бағалаған. Онда орташа балл 4,53-ды құрады.

Бірінші және екінші жағдайда да респонденттердің жоғары бағасы (барлық параметр бойынша орташа баллдан едәуір жоғары) келесі жағдайларды ескере отырып берілді.

- қарым-қатынас жасау және құжаттарды толтыру үшін қазақ немесе орыс тілдерін еркін таңдау мүмкіндігіне ие болды:

  • ведомстволарға жеке келген кезде - 4,94 балл 

  • 4,82 балл-қызметті онлайн алған кезде.

Қазақстанда және одан тыс жерлерде барлығы 9211 респонденттен жауап алынды. Оның ішінде 9181 респондент - қызмет алушы, оның ішінде 7920 жеке тұлға, 1261 заңды тұлға және 30 сарапшы.

Биылғы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша ҚР-да мемлекеттік басқару және қорғаныс саласында, сондай-ақ Міндетті әлеуметтік қамсыздандыру бойынша 538,5 млрд теңгеге қызмет көрсетілді.

Өзгелердің жаңалығы