Мемлекеттік корпорацияға артық құжаттарды талап етпеуді тапсырдым – министр

26 Мамыр 2020, 21:15
1617
Бөлісу:
Мемлекеттік корпорацияға артық құжаттарды талап етпеуді тапсырдым – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев еліміздегі Халыққа қызмет көрсету орталықтарының әлі де қажетсіз құжаттарды сұратып жатқандығы туралы пікірге жауап берді. 


Өткен аптада менің жазбаларымның біріне пікір қалдырған Елена Нефёдова жылжымайтын мүлікті ресімдеу кезінде азаматтан оның некелі немесе некесіз екенін нотариус арқылы растауды талап ететінін айтқан. Ал, нотариустар ешқандай анықтама бермейді. Тек азаматтың некесінің бар-жоғы туралы өз қолымен жазған өтініміне қойылған қолдың сол азаматқа тиесілі екенін куәландырады. Бұл жерде пікір білдірушімен толық келісемін. Басы артық құжаттың қажеті қанша? Оның үстіне, Әділет министрлігінің ақпаратына сәйкес, некені тіркеу туралы 1937 жылға дейінгі акт жазбалары толығымен цифрланған, яғни бұл ақпаратты электронды түрде алуға болады. Егер азамат құжаттарды ресімдеу кезінде некеге тұрмағанын көрсетсе, сол өтініштегі мәліметтің растығына өзі жауап береді, – деп жазды Асқар Жұмағалиев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Министрдің айтуынша, заңнамада некенің жоқтығын нотариус арқылы растау талап етілмеген. Тек азамат некелі болған жағдайда мәміле жасау кезінде жұбайының/зайыбының нотариалды расталған келісімі сұралады. Мұндай келісімсіз кез келген мәміле жарамсыз деп саналады.
Бүгін Мемлекеттік корпорацияға ХҚКО үшін артық құжаттарды талап етпеуді, сондай-ақ ерлі-зайыптылардың құқықтары қозғалатын барлық қызметтер бойынша талдау жүргізуді және бұл мәселені мүдделі мемлекеттік органдармен пысықтауды тапсырдым. Достар, егер осыған ұқсас жайттарды білсеңіз, айтып жазыңыз, – деп жазды министр.

Өзгелердің жаңалығы