Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік көмекті шын мұқтаж азаматтарға бағыттап, әлеуметтік реформаларды мұқият сараптау қажеттігін айтты. Сондай-ақ әлеуметтік көмектің жаңа тетіктері мен ақпараттық жүйелерді алдымен пилоттық режимде сынақтан өткізу керектігін атап өтті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Жолдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қайталап айтамын: мемлекеттік көмек шын мұқтаж адамдарға ғана берілуге тиіс. Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, әлеуметтік саясатқа қатысты мәселелер қоғамда қызу талқыланып жатыр. Азаматтар өздерін алаңдатқан жайттарды ашық айтып, Үкімет те осы бағытта өз ұсыныстары мен шешімдерін әзірлеуде.
Мемлекет басшысы бұл күрделі мәселені асығыстыққа салынбай, байыппен шешу керектігін ескертті.
Сондықтан бұл күрделі мәселені “өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай”, байыппен, салмақты көзқараспен шешу қажет. Артық қыламын деп, тыртық қылуға мүлдем болмайды, – деді Президент.
Оның сөзінше, кез келген реформа жан-жақты сарапталып, азаматтардың жағдайы барынша ескеріле отырып жүргізілуге тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері мен оларға қатысты ақпараттық жүйелердің жұмысын алдын ала мұқият тексерудің маңызын атап өтті.
Ең дұрысы, ондай жобаларды әуелі пилоттық режимде іске қосып, тиімділігі расталған соң ғана кең ауқымда қолдану керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент әлеуметтік мемлекеттің басты мақсаты азаматтарды төлемдерге тәуелді ету емес, олардың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыру екенін айтты.
Түптеп келгенде, әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы адам капиталының сапасын арттыруға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасауға басымдық берілетінін атап өтті.