Көшербаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия отырысын өткізді

24 Маусым 2021, 18:25
2081
Бөлісу:
Көшербаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі комиссия отырысын өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді мемлекеттік сатып алу кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде қабылданған шаралардың қазіргі ахуалы талқыланды.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады. 

Комиссия төрағасы мемлекеттік сатып алулардың тиімді жұмыс істеуі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге, отандық салаларды дамытуға және ұлттық тауар өндірушілердің өнімдерін қолдауға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар аталған салада сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жоғары екені, мұндай жағдай рәсімдік және қаржылық тәртіп бұзушылықтар, бюджет қаражатын ұрлау және өзге де теріс мақсаттағы іс-әрекеттер кезінде орын алатыны айтылды.

Отырыс барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында бұл жұмыстарды электрондық тәсілмен өткізуді қолдағаны жайында баяндалды. Қабылданып жатқан шаралар бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыруға, әлеуетті өнім берушілердің сатып алуларға қатысу рәсімін оңайландыруға, құжаттардың электрондық депозитарийін енгізуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ биыл Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алу туралы» Заңы қабылданды. Президенттің отандық бизнестің сатып алуларға толыққанды қолжетімділігін қамтамасыз етуге, бір көзден сатып алуды қысқартуға, олардың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға қатысты заңнаманы жетілдіру жөніндегі тапсырмалары орындалып жатыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Қаржылық мониторинг агенттіктерінің, Бас прокуратураның, «Атамекен» ҰКП, Қаржы, Денсаулық сақтау министрліктерінің басшылары, сондай-ақ, бірқатар өңірлердің әкімдері сатып алу кезіндегі сыбайлас жемқорлық пен басқа да тәртіп бұзушылықтарды ашу және жою, кінәлі азаматтарды заңнамада белгіленген жауапкершілікке тарту жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндады. Бұл ретте мұндай құқық бұзушылықтардың басым бөлігі құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларында болатыны, ал ұрланған бюджет қаражаты көлеңкелі айналымға түсетіні туралы айтылды.

Жиында Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Ә.Исекешев мемлекеттік сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар комиссияда кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау үшін атқарылып жатқан жұмыстар, сатып алу бағаларын асыра көтеру, төленген салықтар туралы мәліметтерді құбылту, мемлекеттік сатып алу порталының тиісті деңгейде қызмет атқармауы, кінәлі адамдардың өз дәрежесінде жауапқа тартылмауы секілді мәселелерді қарастырды.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы бірқатар нақты тапсырма беріп, олардың орындалуы бақылауда болатынын айтты. Қаржы министрлігіне Комиссияның мемлекеттік сатып алу саласындағы мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ететін ұсынымын әзірлеу тапсырылды.



Өзгелердің жаңалығы