Мемлекеттік хатшы Шымкент азаматтарына мемлекеттік наградалар табыстады

10 Желтоқсан 2021, 20:18
1039
Бөлісу:
Мемлекеттік хатшы Шымкент азаматтарына мемлекеттік наградалар табыстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Шымкент қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған «Ел бақытын тербеткен – Тәуелсіздік!» атты салтанатты жиын өтті. 

Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, қала әкімі Мұрат Әйтенов, зиялы қауым өкілдері, барлық саланың мамандары мен еңбек азаматтары қатысты.

Мерекелік іс-шара Мемлекеттік гимннің орындалуымен басталды.

Жиында сөз алған қала басшысы барша жұртшылықты жеткен биігімізді саралап, болашағымыздың бағдарын белгілеп берген Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтады. 

Мемлекеттік хатшы Шымкент азаматтарына мемлекеттік наградалар табыстады

Елбасымыздың көшбасшылығымен Қазақстан халқы мемлекет құру миссиясын орындады. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Тәуелсіздік сабақтары» мақаласында Қазақстанның әлемде өз туын тұғырға қондырған екі жүзден аса елдің ішінде бар-жоғы 30 жылдың ішінде алғашқы 40 елдің қатарына қосылғанын атап өтті. Осы жылдар халқымыз жүріп өткен жол жасампаздықтың Ұлы дәуіріне айналды. Әрбір жыл ғасыр жүгін арқалады. Халқымыздың мықты мемлекет құру, бақуатты өмірге жету жолындағы ұлы көшіне байтақ Қазақстан жұрты түгел үлес қосты. Бүгінгі Қазақстанның қалыптасқан мемлекетке айналуы, әлемдік деңгейде танылып, мойындалуы және қуатты экономика құрып, гүлденуі – халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі,- деді өз құттықтау сөзінде М.Әйтенов.

Сонымен бірге әкім салтанатты жиынға арнайы келіп қатысып, қуанышты сәтті бөліскен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Елеуұлы Көшербаевқа Шымкент тұрғындары атынан алғысын жеткізіп сахнаға шақырды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев қала тұрғындарын еліміз үшін маңызды тарихи белеспен құттықтай отырып, қазақстандықтар осы жылдарда тұғыры мығым, қуатты мемлекет құра білгендігін атап өтті.

Мемлекеттік хатшы Шымкент азаматтарына мемлекеттік наградалар табыстады

Біз – ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халықпыз. Бүгінгі мемлекетіміздің қарқынды дамуы – тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Ұлттық қасиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтай білгеніміздің жемісі. Сондықтан бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болғанда ғана Тәуелсіздіктің туы мәңгі желбірейтінін естен шығармағанымыз абзал. Отыз жылда қазақ халқы  асыққанына  жетіп, аңсағанын көрді. Тәуелсіздік ұлттық намысымызды оятты. Тәуелсіздік қазақты әлемге азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде танытты. Ата-бабамыз ғасырлар бойы армандап өткен егемен ел болу мәртебесін көру – бүгінгі ұрпаққа бұйырған зор бақыт. Осы отыз жылда  мемлекет жаңғырып, ұлт қайта түледі. Тәуелсіздік жылдары бой көтерген ғажайып елорда Отанымыздың жүрегіне, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналды. Халқымыз мақтан ететін еліміздің барлық өңірлерінде де ұланғайыр жасампаздық істер атқарылды. Мұның өзі біздің қуатты ел екенімізді паш етті. Сіздердің қалаларыңыз да басқа өңірлер сияқты ел экономикасының дамуына жылдан-жылға үлес қосып келеді. Еліміздің оңтүстігінде орналасқан үшінші мегаполис, қазақылықтың қаймағы сақталған шырайлы Шымкент қаласына Елбасының Жарлығымен арнайы статус берілгеннен кейін шаһардың дамуы тың серпін алды. Индустриаландыру бағдарламасы бойынша жалпы құны 221,5 миллиард теңгені құрайтын 127 жоба іске асты. 2018 жылдан бері қала экономикасына 1,3 триллион теңге инвестиция тартылды. Алдағы уақытта да бұл қарқынды төмендетпеу керек,-деді Мемлекеттік хатшы.

Қырымбек Көшербаев ұлысымыз үшін ұлық, мемлекетіміз үшін мәртебелі мереке – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып жүрген азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың қатарында Шымкент шаһарының тұрғындары да бар екенін айтып, еліміздің өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген 34 азаматты қала әкімі Мұрат Әйтеновпен бірге табыстады.

Салтанатты жиын өнер жұлдыздарының мерекелік концертімен жалғасты.

Өзгелердің жаңалығы