Мемлекеттік хатшы: Конституциялық реформалар – билік пен қоғам арасындағы диалогтың нәтижесі

3 Маусым 2022, 16:30
1279
Бөлісу:
Мемлекеттік хатшы: Конституциялық реформалар – билік пен қоғам арасындағы диалогтың нәтижесі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Хабар» телеарнасының эфирінде өтіп жатқан «Референдумға барамын» телемарафонында Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мәлімдеді. 

Оның айтуынша, реформа ел тұрғындарының құқықтарын қорғауды күшейте түседі. 

Реформаның тағы бір мақсаты – азаматтардың Конституциялық құқықтарын қорғауды күшейту. Мысалы, Конституциялық соттың құрылуы. Тағы қайталап айтар болсам, Конституциялық сотқа кез келген азамат өзінің құқықтарын қорғау үшін, мәселен, қандай да бір нормативтік құжат олардың құқықтарына қайшы келетін болса, сол мәселемен шағымдана алады. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл енді Конституциялық мәртебеге ие болады. Ол қандай да бір мемлекеттік органға тәуелді болмайды, - деп атап өтті Ерлан Қарин. 

Сондай-ақ ол реформадан кімдердің ұтатындығына тоқталды. 

Сол сияқты кез келген азамат өз құқықтарын қорғау үшін адам құқықтары бойынша уәкілге шағымдана алады. Осының барлығы түптің түбінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа Конституциялық механизмін қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан бұл реформадан ең алдымен қарапайым адамдар ұтады, - деді Мемлекеттік хатшы. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Ерлан Қарин Конституциялық сот кез келген адамның құқығын қорғайтынын айтқан болатын. 

Өзгелердің жаңалығы