Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау жөніндегі комиссия құрылды – Президент Жарлығы

Комиссия мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бағыттарын айқындап, реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеуге ұсыныстар енгізеді.

 istockphoto.com 26 Қараша 2026, 10:01
26 Қараша 2026, 10:01
140
Фото: istockphoto.com

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссияның құрамын бекітті.
 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.
 
Мемлекеттік басқаруды реформалау мәселелері жөніндегі комиссия мемлекеттік басқару жүйесін реформалаудың бағыттары мен тәсілдерін тұжырымдау, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқаруды реформалаудың кешенді жоспарын әзірлеу үшін жүйелі ұсыныстарды қарау мақсатында құрылды.
 
Комиссияның жұмыс органы – Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі.
 
Комиссия құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, Құрылтай депутаттары және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері кірді.
 
Отырыстарға мүдделі орталық мемлекеттік органдардың және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ басқа да ұйымдардың өкілдері қатыстырылуы мүмкін.

Наверх