Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік аудит кезінде 6 мыңнан аса бұзушылық анықталғанын айтты.
Осы жылдың 2 айында камералдық бақылаумен сомасы 2,3 трлн теңгеге 213 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. Тексерулердің қорытындылары бойынша 6 153 рәсім бойынша бұзушылық анықталды. Мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы 5 600 хабарламаны орындады, - деді министр.
Жамаубаев атап өткендей, 491 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 237 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Сомасы 23 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 12 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 395 ұсыным берілді, - деді ол.
Сондай-ақ, отырыста Қаржы министрі мемлекеттік активтерді басқару бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 674 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 13,6 млрд теңгеге 19 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 8 объект сатылуға қойылды, - деп айтты Ерұлан Жамаубаев.
Министрдің сөзінше, коммуналдық меншіктің 1 объектісі таратылды. 646 объектіні сату қажет.