Мемлекеттен миллиондап субсидия алған «Байзақ су» тарифті неге көтерді?

17 Маусым 2023, 09:05
1297
Бөлісу:
Мемлекеттен миллиондап субсидия алған «Байзақ су» тарифті неге көтерді?
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қазіргі таңда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бағытында белсенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы Дәурен Омаров айтты.

Спикер алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі бизнесті қорғау мәселелеріне ерекше назар аударғанын еске салды. Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында Президент «Іскерлік белсенділікті ынталандыру қажет, осы ретте шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуы тиіс. Шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек» деді.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бизнесті қорғау мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, агенттік жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасын іске қосты. Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы департамент тарапынан осы жоба аясында кәсіпкерлердің нақты проблемаларын шешуге бағытталған бірқатар жұмыстар жүргізілді. Біз «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бизнес өкілдерімен күнделікті кездесулер өткіземіз. Олардың қалыпты жұмыс істеуіне ненің және кімдердің кедергі келтіретінін анықтаймыз, - деді Дәурен Даниярбекұлы.

Оның сөзіне қарағанда, жобаны іске асыру басталғаннан бері 23 кездесу өткізіліп, басқосулардың барысында 185 кәсіпкердің мәселелері тыңдалған. Олардан 23 нақты өтініш түссе, қазіргі уақытқа дейін 17-сі толықтай шешілген. Қабылданған шаралардың арқасында саладағы сыбайлас жемқорлық деректері жойылып, 279 кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың 4 лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Түсінікті болу үшін күнделікті жұмысымыздың бір мысалын айта кетсем. Мәселен, мониторинг барысында өңірдегі Байзақ ауданында ауыз суға тарифтер асыра көрсетілгені, яғни 1 текше метр су үшін тарифтің орташа құны 140,9 теңгені құрағаны анықталды. Ал, «Байзақ су» мемлекеттік кәсіпорны жыл сайын ауыз сумен қамтамасыз ету қызметін көрсеткені үшін жалпы сомасы 81 883 мың теңге мемлекет қазынасынан субсидия алады. 2021 жылы осындай жолмен 39 011 теңге иеленсе, былтыр 42 872 мың теңге алған. Миллиондап көмек алғанына қарамастан, «Байзақ су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны суды пайдаланғаны үшін жоғарылатылған тариф белгілеген, - деп түсіндірді жауапты маман.

Ол қазіргі уақытта департаменттің ұсынысынан кейін аталған монополист мекеме заңды тұлғалар үшін тарифті 5 теңгеге, жеке тұлғалар үшін 3,09 теңгеге төмендеткенін жеткізді. Ал антикор қызметкерлерінің жұмысында мұндай мысалдар жеткілікті. Олардың көбісі бұқаралық ақпарат құралдарында рет-ретімен және дер кезінде жариялануда.

Сонымен бірге, қазіргі таңда департамент жоба аясында мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіп жатыр. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қай мекемеде үлкен екенін және бизнес қай тұста қысым мен кедергілерге тап болып жатқанын зерделеуге көмектеседі. Осындай мәліметтерді қорытындылай келе, біз бір ғана кәсіпкерді емес, бүкіл облыстар мен аймақтарды қамтитын жүйелі проблемаларды көретін боламыз. Содан соң мұндай жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін кешенді түрде жою бағытында нақты шаралар қабылданады», - деді Жамбыл облысындағы антикор өкілі.

Мәселен, әкімдіктер жер комиссияларының қарауына жерді жалға беру мерзімін ұзарту мәселелерін енгізген. Бірақ бұл талап заңда қарастырылмаған. Іс жүзінде бұл процедура бизнеске жасанды кедергіге айналды.

Дәурен Даниярбекұлының айтуынша, бұл жерде әкімдік қызметкерлері қолданыстағы заңнама нормаларын қате түсіндірген. Сондықтан агенттік Жер ресурстарын басқару комитетінен Жер кодексінің нормаларын ресми түрде түсіндіруді сұрады.

Біз осы түсініктемені барлық әкімдіктерге жіберіп, мәселені толығымен жауып тастадық. Тағы айта кетерлігі, Жамбыл облыстық білім басқармасының қызметкерлері мониторинг желеуімен жекеменшік мектепке дейінгі мекемелердің қызметіне тексеру жүргізген. Өкініштісі, мұндай тексерулерді жүргізгендер Кәсіпкерлік кодексінің талаптарын мүлде ескермеген, қазіргі мораторийді айналып өткен әрі олардың тексеру шараларына құзыреті де болмаған. Біз ұсыныстарымызда әкімдіктердің назарын осындай мониторинг жүргізуге құқық беретін білім басқармалары басшыларының бұйрықтарындағы елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне аудардық. Нәтижесінде бұл тексеру қорытындыларының маңызы жойылды, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті превенция басқармасының басшысы.

Ол келтірген тағы бір мысал, ведомство Жамбыл облысындағы «Көліктік қызмет көрсету орталығы» АҚ беделді кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты әкімшілік кедергілерді анықтаған. Кәсіпкерлерді ай сайын белгілі бір монополистпен шарт жасасуға мәжбүрлегені, басқаша айтқанда, оларға даусыз кірме теміржол желілері берілгені, тиісінше қосымша шығындарға әкеп соққаны белгілі болыпты.

Нәтижесінде монополистке тиісті ұсыныстар бердік, олардың қарау қорытындысы бойынша 104 келісім-шарттың әрекет ету мерзімі 1 айдан 1 жылға дейін қысқарды, - деді Дәурен Омаров.

Өзгелердің жаңалығы