Мемлекет пайдасына қайтарылған жерлердің интерактивті картасы әзірленді

28 Ақпан 2023, 16:38
1009
Бөлісу:
Мемлекет пайдасына қайтарылған жерлердің интерактивті картасы әзірленді
Фото: elorda.info

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

«Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 12,9 млн гектар пайдаланылмаған және 8,1 млн гектар ұтымсыз пайдаланылған ауыл шаруашылығы жерлері космомониторинг деректерімен анықталды. Осыған байланысты министрлік Мемлекет басшысының 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмайтын қосымша 5 млн гектар жерге қатысты шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын орындауға кірісіп, әрбір аудан бөлінісінде қайтару жөніндегі тиісті жоспарды бекітті. Сонымен қатар ведомствомыз ЦДИАӨМ-мен бірлесіп геосервис әзірледі. Атап айтқанда, jerkarta.gharysh.kz – мемлекет пайдасына қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасын іске қосты, - деді вице-министр. 

Осылайша, жалпыға қолжетімді интерактивті карта азаматтарға ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы ЖАО-ға өтініш беру үшін бағдар ретінде жұмыс істейді. 

Сонымен қатар жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға уақтылы тартуға, сондай-ақ тұрғындарды жалпы ауыл шаруашылығымен айналысу үшін қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге қызмет етеді. Сондай-ақ интерактивті картаны енгізу айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсер береді. Жер учаскелерімен алаяқтық процестерді азайтады және пайдаланылмаған жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппараттың жүргізіп жатқан жұмысына халықтың бағасына оң әсер етеді деп пайымдау керек. Геосервис қайтарылған жер учаскелерінің кадастрлық нөмірлері, олардың орналасқан жері мен ауданы туралы мәліметтерді қамтиды, - деді Бағлан Бекбауов. 

Өзгелердің жаңалығы