Өнеркәсіпті мемлекет тарапынан жандандыру мақсатында отандық операторларға 51,7 млн теңге көлеміндегі шығын қайтарылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шархан елордада өтіп жатқан Мұнай-газ машина жасау саласын дамыту форумында мәлімдеді.
Сонымен қатар ол мемлекет ішіндегі құндылық үлесі қалай жоғарылайтынына тоқталды.
Статистика көрсеткендей, мемлекет ішіндегі 3 ірі оператордың сатып алудың құндылық үлесінің жоғары көрсеткіші машина жасау саласындағы тауар есебінен емес, сатып алынатын жұмыс пен қызмет есебінен орын алады. Мемлекет тауар сатып алудың төмен көрсеткіштеріне ірі мұнай-газ операторларының қымбат тұратын ASME, API, IEC, ATEX сынды халықаралық сертификаттарды талап етуі және оның жергілікті өндірушілерде болмауы себеп болып отырғанын түсініп отыр, - деп атап өтті вице-министр.
Айтуынша, министрлік отандық өндірушілерді қолдау мәселесін қолға алған.
Министрлік отандық өндірушілерді халықаралық стандарттарға сәйкестікті растау кезінде жұмсалған шығындардың орнын толтыру бөлігінде қолдау мәселесін қолға алды. Атап айтқанда, өнеркәсіпті мемлекеттік жандандыру шараларын қолға алу ережелері жобасы әзірленді. Жоба шығынның орнын толтыру көлемін ұлғайтуды қарастыратын отандық өңделген тауарлар, ішкі нарыққа жұмыс пен қызметті ілгерілетуге бағытталған. Ережеге сәйкес, 70 пайыз көлеміндегі шығындар қайтарылады. Алайда ол 51,7 млн теңгеден аспауы тиіс, - деп нақтылады Иран Шархан.
Айта кетерлігі, бүгінгі таңда қолданыстағы ереже бойынша шығынның 50 пайызы немесе 10,3 млн теңге қайтарылады.