Мемлекет дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын бақылауды күшейтті

10 Қазан 2024, 12:18
288
Бөлісу:
Мемлекет дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың бағасын бақылауды күшейтті
Фото: Жоғары аудиторлық палата

Денсаулық сақтау министрлігі құжат айналымындағы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар бағасының алшақтау фактілерін автоматты түрде анықтау үшін өзінің ақпараттық жүйелерін оңтайландырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл жұмыс Жоғары аудиторлық палатаның нұсқамасы бойынша жүргізілді.

Шілде айында Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды. Аудиторлар шекті бағаларды тіркеу кезіндегі мәлімет пен ҚР аумағына әкелу кезіндегі ілеспе құжаттардағы нақты бағалар арасындағы дәрілік заттар құнындағы алшақтық фактілерін анықтады.

Осыған байланысты ведомствоға мұндай жағдайларды автоматты түрде тіркеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

Бүгінгі таңда Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы «Референттік баға белгілеу» және «Қауіпсіздік пен сапаны бағалау» ақпараттық жүйелерін оңтайландырды.

Бұл дәрі-дәрмектерге шекті баға белгілеуге бақылауды едәуір күшейтеді және жеңілдетеді. Осылайша, жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша Жоғары аудиторлық палата нұсқамасының тармақтарының бірі орындалды.

Өзгелердің жаңалығы