Мемлекет басшысының жаңа жинағы: Елге танымал тұлғалар жоғары баға берді

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» еңбегіне зиялы қауым баға берді. Белгілі тұлғалардың салмақты пікірлері мен пайымдары жарияланды.

 видеодан кадр 27 Тамыз 2026, 14:11
27 Тамыз 2026, 14:11
101
Фото: видеодан кадр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабына қатысты қоғам қайраткерлері өз пікірлерін білдіріп, әлеуметтік желідегі парақшаларында бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев кітаптың жарық көруіндегі басты мақсат пен оның идеялық мазмұнына тоқталды. Оның сөзінше, жинақты құрастыру кезінде күрделі кезеңде мемлекет тізгінін ұстаған тұлғаның ел мен ұлт сапасы жайлы көзқарасы бұдан ондаған жыл бұрын қалыптасқаны айқын көрінген.

Кітапта түрлі тақырыптар аясында топтастырылған, әр жылдары айтылған сөздерін мұқият оқыған көзі қарақты оқырман мұны өзі де аңғарады деп ойлаймын. Біздің мақсат – Хакім Абай айтпақшы, тағдыршешті кезеңде мемлекет тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының түп өзегін – президенттік миссиясын өз сөзімен негіздеу, – деп атап өтті Президент көмекшісі.

Сонымен қатар, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәди Айымбетов бұл еңбекті оқырманын шыншылдығымен баурайтын дүние ретінде бағалады. Оның айтуынша, кітап саяси сарынның дағдылы ұзын-сонар стилінде емес, халықпен шынайы сырласу түрінде жазылған.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Әділетті қоғамға - шыншыл сөз» кітабы ел өмірінің келер күндердегі жаңа тынысын сезіндіретіндей дүние екен! Еңбектің басты құндылығы – мемлекеттің барлық бағытта дамуының іргелі нақтылы жолдарын ашып, жан-жақты да айқын көрсете білуі. Өз басым бұл кітапты бір демде оқып шықтым, –деді қаламгер.

Осы ретте Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов те аталған жинақтың Жаңа Қазақстанның мүлдем жаңа идеологиясы екенін алға тартты. Ол өз жазбасында кітапта жинақталған үзінділердің бұрын-соңды айтылмаған соны әрі шынайы ойларымен баурап алатынын ерекше атап өтті.

Кітап – жастайынан елін шексіз сүйіп, Отанына адал қызмет етіп, Қазақстанды әділетті де таза мемлекетке айналдырсам деген тұлғаның асыл арманына жету барысындағы кемел ойлы сөздері мен баяндамаларынан сүзіп алынған қаймақты пікірлерінің жинағы. Мемлекет басшысының «Қазақстанды Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза мемлекетке айналдыру» тұжырымдамасы шын мәнінде жаңа идеология десек қателеспейміз, – деп жазды Мереке Құлкенов.

Өз кезегінде ақын, журналист Бауыржан Бабажанұлы бұл жинақтың құрылымына назар аударып, оның әрбір мемлекеттік қызметшіге қажетті құрал екенін тілге тиек етті.

Жинақты құрастырушылар оның тілге жеңіл, барынша ұғынықты, кез келген адам оқи алатындай қарапайым болуына қатты мән беріпті. Бір деммен оқып шығасың. Қай ойдың қай күні, қай жиында айтылғанына нақты сілтеме берілген жинақ – Президент сөзіне сүйенетіндер үшін таптырмас «көмекші құрал». Меніңше, бұл жинақ әрбір мемлекеттік қызметшінің қойын кітапшасына айналуға тиіс, – деді ол.

Ал ақын Маралтай Райымбекұлы кітаптың болашаққа бағдар берер салмағын тілге тиек етіп, оны «төрде тұратын кітап» деп атады. Оның айтуынша, еңбек тек бүгінгі саяси ұстанымдарды түйіндеп қана қоймай, елдің болашағы туралы ойлануға шақырады.

«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі күннің саяси ұстанымдарын ғана түйіндейтін кітап емес. Ол елдің болашағы туралы ойлануға шақыратын, мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілікке назар аудартатын тағылымды жинақ. Сөздің құдіреті де осында, – деді ақын.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Президенттің жаңа кітабы талқыланды

Наверх