«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз»: Алматыда Президенттің жаңа кітабы талқыланды

Алматыда өткен жиында Мемлекет басшысының жаңа жинағы сөз болды.

 Алматы қаласы әкімдігі 27 Тамыз 2026, 13:20
27 Тамыз 2026, 13:20
114
Фото: Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа еңбегін талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Жиынға елге белгілі ғылым, әдебиет өкілдері мен мемлекеттік қызметкерлер қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов модераторлық еткен жиында Президент еңбегінің айрықша құндылығы мен мемлекеттік басқару ісіндегі маңызы сөз болды.

Шарада Абзал Нүкенов Мемлекет басшысының ішкі және сыртқы саясат саласындағы мол тәжірибесі кітаптағы әрбір тұжырымға ерекше салмақ беретінін атап өтті.

Бұл сөздерді кітап беттеріндегі мәтін күйінде ғана қалдырмауымыз керек деп есептеймін. Оларды түрлі салаларда іс жүзінде қолдану маңызды. Бұл ойлар барлық жастағы адамдарға, әсіресе жастарымыз бен мамандарымызға бағдар бола алады. Сондай-ақ аталған еңбектің жоғары қолданбалық маңызын, оны тәжірибеде қолданудың ерекше құндылығын атап өткен жөн, – деді шаһар әкімінің орынбасары.

Оның айтуынша, бұл еңбек басқару ісінде туындайтын түйткілді мәселелерге жауап беріп қана қоймай, мемлекеттік реформалардың логикасы мен елдің тарихи даму жолын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстелде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлан Оразалин де сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының халық тағдыры мен саяси көзқарасының қалыптасу жолына тоқталды.

Кітаптан болашақ ел көшбасшысының тәлімгерлік пен өткен жылдардағы оқиғалар арқылы қатаң қағидаттар мен тарихи тәжірибені бойына сіңіргенін көруге болады. Бұл үдеріс оның Қытайда қызмет еткен кезінен бастау алады, – деді ол.

Сонымен қатар, жиын барысында Қазақстандағы ПЕН-клуб президенті Бигелді Ғабдуллин де өз пікірімен бөлісті. Оның сөзінше, бұл кітапты қазіргі Қазақстанның зияткерлік шежіресі деп атауға толық негіз бар.

Меніңше бұл кітапты қазіргі Қазақстан өзінің зияткерлік шежіресі деп атауға болады. Неге? Өйткені мұнда бір адамның әр жылдары айтқан сөздері ғана емес, оның мемлекет, қоғам, халық, тарих, тіл, заң, экономика, білім, жастар және елдің болашағы туралы көзқарастарының қалай қалыптасып, қалай өзгеруінің көрінісі болуы мүмкін. Кітаптың құндылығы да осында. Бірақ осы кітапты оқи отырып, белгілі бір негізгі идеялардың жылдар өте келе жойылмай, керісінше тереңдей түскенін байқауға болады, – деді Ғабдуллин.

Еске сала кетейік, 5 тамызда Мемлекет басшысының 1994 жылдан бүгінгі күнге дейінгі сөйлеген сөздері, баяндамалары мен ой-толғаулары қамтылған ауқымды жинақ жарық көрген болатын. 21 бөлімнен тұратын басылымда мемлекеттік басқару, заң үстемдігі, цифрландыру, жастар саясаты, экология және «Таза Қазақстан» бастамасы сияқты негізгі тақырыптар қамтылған.

Наверх