Мемлекет басшысы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады

1 Сәуір 2022, 21:40
1633
Бөлісу:
Мемлекет басшысы ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаевқа ведомствоның биылғы бірінші тоқсанда атқарған жұмыстарының негізгі нәтижелері мен алдағы кезеңдегі міндеттері туралы мәлімет берілді.

Бұл туралы Ақорданың ресми сайты хабарлады.

Ермек Сағымбаев Президентке қылмыстық істерді,  оның ішінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшылығына қатысты істерді тергеп-тексеру барысы жөнінде баяндады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қабылдаған шаралардың нәтижесінде 1769 қару, 273 граната және 49 303 оқ-дәрі, соның ішінде қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қару-жарақтар заңсыз қолданыстан алынды.

Есірткі бизнесіне қарсы күрес аясында 6 есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылып, 10 халықаралық және 11 өңірлік есірткі каналы жойылды.  404,5 кг көлемінде есірткінің бірнеше түрі мен 2 тоннадан астам прекурсор тәркіленді.

Мемлекеттік шекараны қорғау саласында тәртіп бұзған 2225 адам ұсталды.

500 миллион теңгеден астам сомадағы валютаның, құны 1,3 миллиард теңге болатын халық тұтынатын тауарлардың және жалпы сомасы 25 миллион теңге болатын жанар-жағармайдың заңсыз айналымына тосқауыл қойылды.

Аумақтық су режиміне қатысты 57 заң бұзушының әрекеті тоқтатылды, 98,7 шақырым браконьерлік заттар тәркіленді. Жолы кесілген әрекеттер шығыны 500 миллион теңгеден асты.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚК органдарының жұмысын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы