Түркістан облысына ресми сапары кезінде облыс тұрғындарымен кездескен Мемлекет басшысы осылай деді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еліміздегі көп балалы аналардың үштен бірі Түркістан облысында тұратыны белгілі. Сондықтан, бұл бастама сіздер үшін де өте маңызды. Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетеміз. Олардың кәсіпкерлік бастамалары үшін өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Жастарымыз осындай мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, өз кәсібін бастайды деп сенемін. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет зейнеттегі қариялар мен бесік тербеткен аналарға қолдау көрсете береді. Ал, жалынды жастарға өмірде өзінің лайықты орнын табуға жағдай жасаймыз – деді Президент.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының жұмыс істеу тәртібін түсіндірді.
Мен «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама қабылдауды ұсындым. Біз қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының тең жартысын балалардың есепшотына аударатын боламыз. Бұл қаржыны олар кәмелет жасына толғаннан кейін баспанаға немесе білім алуға жұмсай алады. Осы шешім ұлттық табысты әділ бөлу қағидатына сай келеді деп есептеймін. Аталған шаралардың бәрі өскелең ұрпақтың болашағына арналады – деді Мемлекет басшысы.