Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасында «Цифрлық көпір» орнатуды ұсынды

Мемлекет басшысы Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық артықшылықтарына тоқталды.

 Ақорда 17 Шілде 2026, 14:03
17 Шілде 2026, 14:03
130
Фото: Ақорда

Президенттің пікірінше, еліміз технологиялық тоғысудың, цифрлық сауда мен халықаралық ынтымақтастықтың қарқынды орталығына айналу үшін мол әлеуетке ие.

Энергетикалық ресурстардың мол қоры, аса маңызды минералдар кеніштері, заманауи көлік дәліздері мен жедел дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылым нарықтарды, технология және инновациялық экожүйелерді өзара ұштастыруға тың мүмкіндік береді. Цифрлық трансформация ұлттық даму стратегиямыздың басым бағыттарының бірі саналады. Қазақстанның жаңа Конституциясында жасанды интеллектіге, оның елімізді орнықты дамытуға қосар үлесіне баса назар аударылған. Сонымен қатар Ата заңымыз әр азаматтың дербес дерегінің қорғалуына кепілдік береді. 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылды. Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласының дамуына стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһар болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компанияларды, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанынан орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылатынын мәлімдеді.

– Қазақстан Дүнижүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы құрылтайшыларының бірі ретінде осы маңызды платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайды. Жақында ғана іргесі қаланған әрі мол әлеуетке ие ұйым жаһандағы ЖИ келешегін айқындайтын бірегей халықаралық институтқа айналатынына сенімдіміз. Ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізу біз үшін зор мәртебе болар еді. Сонымен қатар бұл құрылымның Орталық Азиядағы өкілдігін елімізде орналастыруды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы трансұлттық цифрлық инфрақұрылым жасақтауға және ЖИ саласындағы саясатты өзара үйлестіруге қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды.

– Біз «Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру. Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн. Жасанды интеллектіні реттейтін ұлттық саясат пен заңдық тетіктерді өзара үйлестіру айрықша мәнге ие. ЖИ жүйелерін тестілеу мен сертификаттаудың ортақ стандарттарын түзу де өте маңызды. Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек. Келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынамыз. Қытай Үкіметі мұны қолдаса, зор ризашылықпен қабылдар едік, – деді Мемлекет басшысы.

Президент жұртшылықтың ЖИ-ді түсініп, бағалау және реттеу бағытындағы ұжымдық қабілеті қалыптасып үлгергенше, оның мүмкіндіктері әлдеқайда озып кетуде деп санайды.

Бұл орайда жасанды интеллектіні дамыту ісі өзара текетірес пен әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты даму қағидаттарына негізделуі қажет.

– Сондықтан мен Ұйымға мүше мемлекеттер мен мүдделі тараптардың барлығын жасанды интеллект стандарттары мен этикасын реттейтін тұрақты сарапшылық платформа құруға шақырамын. Сайып келгенде, ЖИ-дің болашағын адамдар айқындайды. Сондықтан алдағы уақытта аталған саланы жетік меңгерген мамандарға сұраныс күшейеді. Біз жастарды цифрлық машықтарды игеруге, сыни ойлауға, ізденімпаздыққа және жоғары этикалық жауапкершілікке баулуымыз керек. Осыған орай Қазақстан Дүниежүзілік Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы аясында халықаралық мектептер желісін, озық тәжірибе орталықтарын және академиялық серіктестік құруды ұсынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөзін қорыта келе, Мемлекет басшысы еліміздің бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және жан-жақты өркендеу жолында жасанды интеллектінің әлеуетін пайдалануға ниетті барша серіктестермен нәтижелі ықпалдастық орнатуға дайын екенін жеткізді.

Наверх