Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы ретте Президент СПЕКА мемлекеттерінің басшыларын баламалы энергия көздеріне көшу мәселесінде бірлескен іс-әрекетті жандандыруға және Алматыда Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру бастамасын қолдауға шақырды.
Цифрлық технология және жасанды интеллект саласындағы ықпалдастық кең мүмкіндіктерге жол ашады. Жасанды интеллектінің дәйекті дамуы өндірісті, еңбек нарығын және қызмет көрсету саласын трансформациялау үшін бізге аса маңызды міндет жүктеп отыр. Еліміздегі мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі, ал қолма-қол ақшасыз транзакциялардың үлесі 80 пайыздан асты. Тек өткен жылдың өзінде IT саласындағы экспорт көлемі бес есе артты. Біз бұл көрсеткішті 2026 жылға қарай бір миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президентінің пікірінше, Астана СПЕКА-ны институционалдандыру процесін қолдайды. Бұл аймақ елдері арасындағы көпжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тиімді ілгерілету үшін аталған бағдарламаның орасан зор әлеуетін толық пайдалануды көздейді.
Бұған қоса, келешекте серіктес мемлекеттер мен БҰҰ институттары өкілдерінің СПЕКА-ға жаңа қатысушы ретінде қосылғанын қуана құптаймыз. Елдеріміздің үкіметтеріне СПЕКА-ның арнайы жұмыс тобын құру жөнінде тапсырма берген дұрыс деп санаймын. Осы мүмкіндікті пайдаланып, келесі жылы маусым айында елімізде өтетін кезекті Астана халықаралық форумы аясында СПЕКА-ның панельдік сессиясын ұйымдастыруды ұсынамын. Жоғары деңгейдегі бұл жиын бұрын-соңды болмаған заманауи сын-қатерлерге бірлесе жауап іздеу үшін әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған. Сонымен қатар СПЕКА-ның алдағы саммиттерінің бірін өзара келісілген уақытта Қазақстанда өткізуді ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін қорытындылай келе, бүгінгі Саммит Арнайы бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін нақты механизмдер әзірлеуге мүмкіндік беретініне, сондай-ақ елдеріміз арасындағы достық және стратегиялық серіктестікті нығайта түсетініне сенім білдірді.
Саммит барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Грузия Премьер-министрі Ираклий Гарибашвили, Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Ходжамурад Гельдымурадов, БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Татьяна Молчан, Азия және Тынық мұхиты өңірлеріне арналған Экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Атқарушы хатшысы (ЭСКАТО) Армида Салсия Алишахбана, сондай-ақ Шығанақтағы араб мемлекеттері ынтымақтастық кеңесінің Бас хатшысы Джасем Әл-Будайви сөз сөйледі.