Мемлекет басшысы Мажарстан Премьер-министрімен келіссөз жүргізді

20 Мамыр 2025, 22:27
255
Бөлісу:
 Ақорданың баспасөз қызметі
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанаға ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен кездесу өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Будапештке жасаған өткен жылғы мемлекеттік сапарын еске алып, оның нәтижесінде қол жеткізілген стратегиялық маңызды уағдаластықтар екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтергенін атап өтті.

Президент сауда-экономикалық және инвестициялық өзара ықпалдастықты екіжақты байланыстың басым бағыты ретінде атап өтті. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 200 млн АҚШ долларына жетіп, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 37 пайызға артты. Қазақстан экономикасына тартылған мажар инвестициясының көлемі 370 млн доллардан асты. Қазіргі таңда машина жасау, ауыл шаруашылығы және логистика салаларында жалпы құны 700 млн долларға жуық 16 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр.

Кездесу барысында тараптар Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті аясындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ энергетика, сауда және инвестиция салаларындағы бірлескен жобалардың іске асырылу барысын талқылады. Бұдан бөлек, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Виктор Орбан қазақ-мажар қатынастарының орнықты әрі серпінді сипат алғанын атап өтіп, саммитті ұйымдастыруға көрсетілген қолдау үшін ризашылығын білдірді.

Өзгелердің жаңалығы