Мемлекет басшысы макроэкономикалық саясатты мұқият ойластырып жүргізуді тапсырды

Президент бюджет шығындарын бақылауды күшейтіп, мемлекеттік қаржыны басқару жүйесін толық цифрландыруды тапсырды.

 Ақорда 28 Қазан 2026, 12:47
28 Қазан 2026, 12:47
133
Фото: Ақорда

Қазақстанда ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерін кеңейтіп, бюджет қаражатын тиімді басқару тетіктері жетілдіріледі. Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке орынсыз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, мемлекеттік қазына жүйесін цифрландыру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экономикамызға ұзақ мерзімді қаржыландыру қажет. Оның көлемі бюджет пен даму институттарының мүмкіндіктерінен асып түседі. Банктер бизнесті инвестициялық несиелендіруге белсенді қатысуы керек. Бұл – олардың негізгі міндеті. Ол үшін, соның ішінде банк жүйесіндегі бос өтімділікті тиімді басқару арқылы, тиісті реттеу жағдайларын қалыптастыру қажет. Ал банктерде мұндай өтімділік қоры жеткілікті көлемде бар. Бітпейтін пікірталастарға уақыт жоқ. Елімізді өркендеу жолына бастайтын нақты шешімдер қажет, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Айтуынша,  экономиканың негізгі салаларын ұзақ мерзімге несиелендірудің жаңа тетіктерін іске қосу керек. Бұл іске банктер, даму институттары, халықаралық қаржы ұйымдары және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қатысуы тиіс.

Капитал нарығының мүмкіндіктерін едәуір кеңейту қажет. Сондықтан жекеменшік кәсіпорындардың биржалық құралдарды белсенді пайдалануына ынталандыру керек. Қосымша қаржыландыру көздерін жұмылдыру және инвестициялық тәртіпті күшейту – аса маңызды міндет. Мұның нақты тетіктері әзірленіп жатқан «Капитал нарығы туралы» заңда қарастырылуы керек. Бірыңғай ұлттық қаржы экожүйесін қалыптастыруға да ерекше назар аудару қажет. Қазақстан қор биржасы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы және Alatau City өзара тығыз әріптестік орнатуы тиіс, - деді Президент. 

Сонымен қатар Мемлекет басшысы макроэкономикалық тұрақтылықты ұзақ мерзімге қамтамасыз етудің тағы бір жолы – бюджет саясатын реттеу екендігін ескертті. 
 
Былтыр қабылданған Бюджет кодексі мемлекет қаражатын тиімді басқаруға және қаржылық тәртіпті күшейтуге мүмкіндік берді.

Дегенмен шығындардың жыл санап көбейіп бара жатқанын ескерген жөн. Сол себепті, қазына қаржысын жоспарлау және басқару сапасын одан әрі арттыру қажет. Орынсыз, тиімсіз шығындардың алдын алу үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндігін пайдаланған дұрыс. Сондай-ақ мемлекеттік қазына жүйесін толыққанды цифрландыру жұмысын аяқтау керек. Бюджет қаражатын басқарудың ортақ әдіс-тәсілдерге негізделген, автоматтандырылған жүйесін құру қажет. Үкімет пен Ұлттық Банктен нақты ұсыныстар күтемін, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Наверх