Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайерді Ақордада қарсы алды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Салтанатты рәсімдер залында құрмет қарауылы сап түзеп, оның бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді.
Кейін президенттік оркестр екі елдің мемлекеттік гимнін орындады.
Әнұранды тыңдап болғаннан кейін Франк-Вальтер Штайнмайер мен Қасым-Жомарт Тоқаев кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.
Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді.
Германия Президенті құрметті қарауыл бастығымен қоштасып, Қазақстан Президентімен шағын құрамдағы кездесуге өтті.
Сапар аясында екі мемлекет басшылары Қазақстан-Германия стратегиялық серіктестігін нығайту мәселелері бойынша келіссөз жүргізіп, оның қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қояды деп жоспарланған.