Мектептердің 90 пайызында интернет жылдамдығы талапқа сай емес – Бағдат Мусин

1 Қараша 2022, 11:35
1127
Бөлісу:
Мектептердің 90 пайызында  интернет жылдамдығы талапқа сай емес – Бағдат Мусин

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі Бағдат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгінгі таңда еліміздің 7 мыңнан астам мемлекеттік мектептерінің  7 078-і интернет желісіне қосылған. Оның 5 122-сі ауылдық, ал 1 956-сы қалалық мектептер. Интернетке қосылмаған 20 мектептің 15-і ауылдық, ал 5-уі қалалық мектеп. Халықаралық электрбайланыс одағының талабына сәйкес оқушы саны 400-ден астам  мектептерге интернет жылдамдығы 20 оқушыға секундына кем дегенде 1 Мб болуы тиіс. Көріп отырғаныңыздай, еліміздегі мектептердің 90 пайызы, яғни 6 мыңнан астам мектеп  осы талапқа сәйкес келмейді, - деді Цифрлық даму министрі.

Министрдің айтуынша,  664 мектепте ғана интернет жылдамдығы айтылған талаптарға сәйкес келіп тұр.  

Ал 2 810 мектеп осы талапқа сәйкес келмесе де, олар орналасқан елді-мекендерде талшықты-оптикалық байланыс желілері бар. Сондықтан, әкімдіктер аталған мектептерде интернет жылдамдығын арттыру үшін қаражат бөліп, тиісті жұмыстарды жүргізуі қажет. Бұған қоса, 266 мектеп орналасқан елді-мекенде талшықты-оптикалық желіні салу қажет, - деді ол Үкімет отырысында.

Сондай-ақ Мусин 2 784 мектепте талшықты оптикалық немесе радио-релейлік байланыс желілерінің болмауы салдарынан, интернет жылдамдығын арттыру мүмкіндігі мүлдем жоқ екенін атап өтті.

Ал шалғай орналасқан ауылдық жерлердегі 574 мектеп үшін байланыс желілерін спутниктік технологияларды пайдалана отырып ұйымдастыратын боламыз, - деді Мусин. 

Өзгелердің жаңалығы