Мектептерді жөндеуге кім жауапты?

Мектептердегі күрделі жөндеу қалай ұйымдастырылады және оған кім жауап береді?

31 Шілде 2026, 11:35
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов 31 Шілде 2026, 11:35
31 Шілде 2026, 11:35
261
Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Солтүстік Қазақстан облысында мектептің екі қызметкері спорт залын сырлау кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алды. Оқиғадан кейін BAQ.KZ тілшісі Қазақстан заңнамасына жүгініп, мемлекеттік мектептердің күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын кім ұйымдастыруға әрі қаржыландыруға міндетті екенін анықтап көрді.

2026 жылғы 3 маусымда қабылданған Оқу-ағарту министрінің №153-НҚ бұйрығына сәйкес, мемлекеттік мектептерді салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мен қаржыландыруға жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) жауапты.

Қағидаға сәйкес:

  • мектептердің күрделі жөндеуі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Сондай-ақ жеке инвестициялар мен мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері де пайдаланылуы мүмкін;
  • қай мектепке күрделі жөндеу қажет екенін әкімдік анықтайды. Ол үшін мектептің техникалық жағдайы, тозу деңгейі, оқушы саны, үш ауысыммен оқыту, апатты жағдайы және басқа да көрсеткіштер талданады;
  • жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, мердігерді анықтау және құрылыс талаптарының сақталуын қамтамасыз ету де жергілікті атқарушы органның міндетіне кіреді;
  • күрделі жөндеу құрылыс және еңбек қауіпсіздігі талаптарына сәйкес арнайы ұйымдар арқылы жүргізілуі тиіс.

Қағидада күрделі жөндеу мынадай жағдайларда басымдықпен жүргізілетіні көрсетілген:

  • ғимараттың тозу деңгейі 60 пайыздан жоғары болса;
  • мектеп 50 жылдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмесе;
  • мектептің техникалық сараптамасы жөндеу қажет екенін растаса;
  • оқушылар саны жобалық қуаттан асып кетсе немесе мектеп шекаралық, ауылдық елді мекенде орналасса.

Осылайша, заңнамада мектептің күрделі жөндеуін жүргізу міндеті мұғалімдерге немесе мектептің басқа қызметкерлеріне емес, жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Ал жөндеу жұмыстары құрылыс және еңбек қауіпсіздігі талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы қажет.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова редакциямыздың "мектепті жөндеуге мұғалімдер ақша шығаруға міндетті ме?" деген сұрағына жауап берген болатын. 

Тағы оқи отырыңыз:

Мектептің екі қызметкері жөндеу жұмыстары кезінде биіктен құлап, ауыр жарақат алды

Наверх