Мектептерде қалпына келтіру жұмыстары мердігерлер есебінен жүруі керек – Сапарбаев

22 Қараша 2021, 21:47
752
Бөлісу:
Мектептерде қалпына келтіру жұмыстары мердігерлер есебінен жүруі керек – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте 17-18 қараша күндері облыс аумағында орын алған қатты дауылдың салдарын жою мәселелері қаралды.

Жамбыл облысы бойынша ТЖ департаментінің басшысы Ермек Момбаевтың айтуынша, Тараз, Сарысу, Талас, Жуалы, Байзақ, Шу, Т.Рысқұлов, Мойынқұм аудандарында желдің жылдамдығы секундына 26-38 метрге жеткен.

Өңірдегі 137 елді мекеннің 53 840 абоненті жарықсыз қалған. ТЖ салдарын жою үшін «Жамбыл электр желілері» ЖШС тарапынан 53 бригада, 49 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта барлық нысандар жөнделіп, электр желісіне қосылды.

Электр желілерінің зақымдалуына байланысты Тараз қаласындағы 57 көпқабатты тұрғын үйді және 8 әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз ететін «Таразтрансэнерго» МКК-ның 5 қазандығы баламалы электр көздеріне (дизельдік генератор) қосылды. Қаратау қаласындағы «Игілік» МКК-нің орталық қазандығы жедел түрде «KEGOС» АҚ желісіне ауыстырылып, электр жарығы бір сағат ішінде қайта берілді. Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарында әлеуметтік нысандардың қазандықтары резервтік электр желісіне қосылып, жылу беру үзілген жоқ. Қазіргі таңда барлық қазандықтар штаттық режимде жұмыс істеуде.

Қатты жел жалпы 6,5 шақырымды құрайтын газ құбырына да зақым келтірді. Барлық апатты учаскелер қалпына келтіріліп, 545 абонент газға қосылды.

Тараз қаласында 107 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры, Жаңатас қаласында 2 көпқабатты үй, Талас ауданы Ақкөл ауылында 1 көпқабатты үй, барлығы 78 әлеуметтік нысан зардап шеккен. Сондай-ақ, Тараз қаласында 66, Талас ауданында 71, Байзақ ауданында 185 жеке тұрғын үй түрлі деңгейде бүлінген.

Қазір бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Автокөлік және жаяу жүргіншілер жолындағы құлаған ағаштар тазаланды. Жолдарда көліктердің кептеліс оқиғасы жоқ.

Ермек Момбаев қазіргі уақытта жағдай тұрақты екенін баса айтты.

Басқосуда энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім саласының басшылары, Тараз қаласы мен аудан әкімдері атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Бердібек Сапарбаев әкімдерге өз күштерімен демеушілерді тарта отырып, барлық бұзылған нысандарды тез арада қалпына келтіруді тапсырды.

Міне, осындай қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау білдіріп, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетуіміз керек. Біз қателіктермен жұмыс істеп, кез келген жағдайға дайын болуымыз қажет. Әлеуметтік нысандарға тексеріс жүргізіп, оның маңыздылығын тұрғындарға түсіндіріңіздер. Олқылықтарды реттеңіздер. Мектептерде қалпына келтіру жұмыстары мердігерлер есебінен жүруі керек. Бұл мәселені білім басқармасы қадағалайтын болады. Аудан әкімдері шаруашылық ғимараттардың қауіпсіздігін тексеруі тиіс. Қалада «Jardem-109»  қызметінің жұмысын күшейтіп, тұрғындармен кері байланыс орнату қажет.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Жамбыл облысындағы дауыл кезінде қаза тапқан азаматтың отбасына көмек көрсетуді тапсырды.
Өзгелердің жаңалығы