Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сарыағаш ауданының полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, 16 жастағы қызының мектепке кеттім деп, үйінен шығып кетіп, қайта оралмағанын хабарлаған.
ТО ПД-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, алғашқыда қызды өздігінен туыстарының үйінен іздеп, табамыз деген ата-анасының тәулік бойы атқарған әрекеттері нәтижесіз болған. Тек келесі күні полицейлерге хабарласып көмек сұраған.
Аудан сақшылары бұл жайтты бірден тіркеуге алды. 16 жастағы 11-сынып оқушысын тез арада іздестіріп, табу үшін аудандық учаскелік полицейлер мен жедел уәкілдер жұмылдырылды. Олар жоғалған қыздың жүрген жерін анықтау үшін такси жүргізушілерінен, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдар арасында сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ қыздың әлеуметтік желідегі парақшалары мен достарын да жіті тексерді.
Осылайша жүргізілген жедел шаралар кешенінің арқасында өз істеріне мұқият кіріскен полицейлер қызды Шымкент қаласынан анасы арызданған күні тапты. Жақындарының өзге қалаға қыдыруға тыйым салғанына ренжіген жасөспірім, таныс жігітпен бірге өз еркімен, ешкімге айтпастан Шымкент қаласына қыдыру мақсатында кетіп қалған. Тәртіп сақшылары қызды мегаполистен алып келіп, аман есен үйіне жеткізді, - делінген хабарламада.
Сақшылардың нәтижелі жұмысына ризашылықтарын білдірген қыздың ата-анасы өз алғыстарын жеткізді.
Түркістан облысының полицейлері барлық ата-анаға балаларына үйден үлкендердің рұқсатынсыз шықпау керектігін үнемі ескертіп, олармен дос ретінде сөйлесіп, кеңестерін айтып жүруді ескертеді. Сонымен қатар егерде отбасы мүшелеріңіздің, туыстарыңыздың бірі жоғалып немесе із-түссіз кетіп жатса, уақыт жоғалтпастан бірден 102-ге хабарласыңыздар. Бұл өз кезегінде жоғалған жанның аман есен табылуына себеп болмақ, - деп атап өтті тәртіп сақшылары.
Оқи отырыңыз: