Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев "мектепке хиджабпен келуге бола ма?" деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өздеріңізге мәлім, Қазақстанның қолданыстағы заңнамасында міндетті мектеп формасына қатысты барлық қажетті құқықтық нормалар бекітілген. Мектеп өз жарғысына және заңнамалық актімен бекітілген ішкі ережелеріне сүйене отырып, мектеп формасының қатаң сақталуын талап етуі тиіс. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ескерту жасағым келеді: заңда мектеп формасын сақтамаған жағдайда ата-аналарға заңмен белгіленген жауапкершілік жүктелуі мүмкін. Сондықтан мектептердің ішкі ережелерін бәріміз қатаң сақтауымыз қажет, - дейді ведомство басшысы.
Бейсембаев бұл тек хиджаб немесе орамал тағуға емес, жалпы білім беру ұйымдарындағы мектеп формасын қатаң сақтау талаптарына қатысты екенін атап өтті.
Журналист министрге "мектепке хиджабпен келуге болмайды ғой?" деп нақтылады.
Мектепте мектеп формасын қатаң сақтау қажет, - деп қысқа қайырды министр.
Еске сала кетейік, "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңға қоғамдық орындарда бет-әлпетті жасыратын киімдер киюге болмайды деген өзгеріс енгізілгені белгілі. Дінтанушы Әл-Фараби Болатжан "Әйел қажылықта да бетін ашуы тиіс" деп атап өтіп, ниқабқа қатысты заң туралы пікірін білдірді.