Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленеді – Асхат Аймағамбетов

11 Наурыз 2021, 10:14
3009
Бөлісу:
Мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленеді – Асхат Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Үкіметінің отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балабақшалармен қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

3-6 жастағы балаларды қамту көрсеткіші 98,8%-ға дейін жетті. Ал 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту деңгейі әлі де 71%-ды ғана құрайды. Сондықтан ерте жастағы, яғни 2 мен 6 жастағы балаларды қамту міндетін басты назарға қойып отырмыз. Осы жастағы балалар үшін ең көп кезек Алматы, Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында, - деді ол. 

2025 жылға қарай 2-6 жастағы балаларды қамтуды 95%-ға, ал 3-6 жастағы балаларды қамтуды 100%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Ол үшін жекеменшік балабақшалар желісін одан ары дамыту, ваучерлік қаржыландыруды, одан бөлек әлеуметтік тәрбиеші институтын енгізу тетіктерін кеңінен қолданамыз. Сәйкесінше, әкімдіктерден мемлекеттік тапсырыс мөлшерін нормативке сай төлеу мәселесін шешулерін сұраймын. Өйткені онсыз жаңа орындар ашу мүмкін болмайды, - деп түсіндірді Білім министрі.

Аймағамбетовтің сөзінше, Мемлекет басшының тапсырмасына сәйкес мектепке дейінгі білім берудің жаңа моделі әзірленеді. Оны енгізу жаңа оқу жылынан басталады.

Бұл үшін ойын арқылы оқыту қағидаты негізінде мемлекеттік стандартқа өзгерістер енгізіледі. Тәрбиешілерді даярлау, біліктілігін арттыру жүйесі, бағдарламалар жаңартылады. Сонымен бірге енгізілетін ваучерлік қаржыландыру тетіктері де балабақшалардың бәсекелестігін арттыру арқылы білім сапасына да оң өзгеріс әкеледі, - деп атады Асхат Аймағамбетов отырыста.

Өзгелердің жаңалығы