Мектеп оқушысы ағылшын тілін тез үйренудің жолын айтты

22 Қараша 2023, 17:35
11129
Бөлісу:
Мектеп оқушысы ағылшын тілін тез үйренудің жолын айтты
Фото: автордан

Қоянды ауылының №2 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Асылай Майқы ағылшын тілін қалай тез үйренуге болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

20 қарашада елімізде ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша I республикалық олимпиада басталған болатын. Оған Қоянды ауылының №2 орта мектебінің 10-сынып оқушысы Асылай Майқы да қатысып жатыр.

Ағылшын тілінен олимпиадаға қатысып жатырмын. Бүгінгі күні ағылшын тілімен айналысып келе жатқаныма 3 жылдай уақыт болды. Республикалық ауыл балалары арасындағы олимпиадаға қасыту үшін тәжірибе алмасып, грамматикамен және сөздікпен көп жұмыс істеп, дайындалдым, - дейді оқушы.

10-сынып оқушысы болашақ мамандығы ағылшын тілімен байланысты болатынын айтты.

Шетілдік оқу орындарына халықаралық қарым-қатынас мамандығы бойынша оқуға түскім келеді. Сондықтан ағылшын тілі болашақ мамандығыммен байланысты болатындықтан осы пән бойынша жарыстарға қатысып, сертификат не болмаса диплом жинап, осындай алаңдарда өзімді сынап көргім келді. Бұған дейін де ағылшын тілінен түрлі олимпиадаларға қатыстым. Аудандық, облыстық кезеңдерде бақ сынадым. Жүлделі орындарға да ие болдым, - деп айтты Асылай Майқы.

Оның сөзінше, осы олимпиадаға ағылшын тілінен қатысып жатқандар аз емес, Қоянды ауылының №2 орта мектебінен өзінен басқа да қатарластары бақ сынап жатыр.

Асылай Майқы ағылшын тілін үйренуді қашан бастағанын айтып, өз кеңесін бөлісті.

Ағылшын тілін оқуды 7-сыныптан бастадым. Қазір ағылшын тілінде еркін сөйлей аламын. Бірақ шетелге оқуға түскенше білімімді одан сайын жақсарта түсемін. Ағылшын тіліндегі тірлі курстарға, дебатқа қатысамын. Ауылымызда да ағылшын тілін үйрететін орталықтар бар. Осы орталықтағы мұғалімдер тіл білімімді шыңдауға көп көмектесіп жатыр. Ағылшын тілін күн сайын бірнеше сағаттан оқимын. Тілді тез үйрену үшін тәжірибе жасау керек. Жиі қайталау керек. Мысалы, мен әр деңгейде үйренгеннен кейін оны қайталап оқып отырамын. Бұл маған жіберген қателіктерімді түзеуіме көмектеседі. Орталықта шетелден келген мұғалімдермен тәжірибе алмасып, сөйлесеміз. Оның өзі көп тәжірибе. Грамматикалық қателіктерді түзеу үшін оны қайталай бергеннен гөрі шетелдік мұғалімдермен сөйлескен тиімдірек. Сол себепті тәжірибе жасауға, сөздіктерді және ережені жиі қайталауға кеңес беремін, - деді 10-сынып оқушы.

10-сыныпты аяқтар кезде Асылай IELTS тапсырып, білімін тексеріп көрмекші.

Өзгелердің жаңалығы