Мектеп директорлары орынбасарларының санын қысқарта алады - Аймағамбетов

30 Қараша 2023, 11:36
4857
Бөлісу:
Мектеп директорлары орынбасарларының санын қысқарта алады - Аймағамбетов
Фото: gov.kz

Мектеп директорлары орынбасарларының санын азайтып, орнына басқа маман ала алады. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырды.

Аймағамбетов білім беру ұйымдарының еркіндігін кеңейту ұсынылып отырғанын айтты.

Депутаттың айтуына қарағанда, бүгін білім беру ұйымдары үшін типтік штаттар бекітілген, яғни сыныптардың санына байланысты мекемеде осыншама орынбасар, есепші болу керек деп бекітіледі. Бірақ мекеме басшысында осы штаттарды тиімді пайлалану үшін қажеттілігі жоқ лауазымды керегіне алмастыруға дербестігі жоқ.

Сондықтан заң жобасында бекітілген штат санының шеңберінде, штат кестесінің лауазымдарын ауыстыру құқығы беріледі. Ол қалай жұмыс істейді? Мысалы, типтік штатқа байланысты мектеп директорында 7 орынбасары болу керек болса, ол өзі орынбасарларының санын азайтып, мысалы, 4 орынбасар қалдырып, үшеуінің орынына психолог, әлеуметтік педагог немесе заңгер сияқты қажетті қызметкерлерінің лауазымдарын енгізе алады. Білім бөлімімен штат кестесін келіскенде бұны жылына бір рет жүзеге асыра алады, - деп айтты Асхат Аймағамбетов Мәжілісте.

Өзгелердің жаңалығы