Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Өскемен қаласында ШҚО Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мұрындық болуымен мектеп асханасындағы тамақтану жайын талқылаған конференция өтті.
Бүгінгі күні елімізде балалар мен жасөспірімдер арасында дұрыс тамақтанбау және артық салмақ мәселесі өте өзекті. Ағзаға зиян фастфудтарды жиі тұтынатын балғындар денсаулықтарына қаншалықты зиян келтіріп жатқанын қайдан білсін? Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 14 жасқа дейінгі әрбір бесінші бала артық салмақтан зардап шегеді. Күн өткен сайын бұл көрсеткіш өсіп келе жатыр. Осыған орай мектептегі тамақтану мәселесінің өзектілігі де артуда.
Оқушылардың тамақтануын ұйымдастыру бойынша Ұлттық бағдарламасын орындау аясында өткізілген «Мектептегі тамақтану: ұйымдастыру, қолжетімділік, сапа» конференциясының мақсаты – балалардың денсаулығын сақтау, мектеп оқушыларының, жасөспірімдердің жаһандық проблемасына назар аудару, тамақтану мәселесі бойынша медицина қызметкерлері мен кәсіпкерлер арасында байланыс орнатып, тәжірибе алмасу болды. Шараға ШҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің, Өскемен медициналық колледжінің, Өскемен қалалық ҚДБ басқармасының, Оқушылар шығармашылық сарайының әлеуметтік-психологиялық қызметінің мамандары мен мектеп асханаларының қожайындары қатысты.
«Дұрыс тамақтанбайтын балалар әр түрлі сырқаттарға душар болып жатыр. «Ауруға ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, біз өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Мектептегі ас мәзіріне қойылған тамақтардың сапасын қатаң бақылап, ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста болғанымыз абзал. Егер кәсіпкерлер талапқа сай жұмыс істемесе, онымен жасалған келісімшарт бұзылады. Арнайы мамандар жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, 60 баланың 50-і чипсы, кириешки сынды зиян тағамдарды жиі тұтынады екен. Бұл аз сан емес», - деді Шығыс Қазақстан облыстық Қоғамдық денсаулық қорғау департаментінің балалар мен білім мекемелерін санитариялық-гигиеналық қадағалау бөлімінің басшысы Раушан Сәтекова.
Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы бұйрығының «Орта білім беру ұйымдарында тамақтандыруды ұйымдастыру» Ережесіне сәйкес кәсіпкер оқушыларға берілетін тамақтардың сапасы меп қауіпсіздігін куәландыратын құжаттарды мектеп директорына өткізуі тиіс. Күн сайын білім ордасындағы медицина маманы тағам өнімдеріне органолептикалық бағалау жүргізуге міндетті. Сонымен қатар заң бойынша мектеп асханасында оқушылардың денсаулығына зиян келтіретін фастфуд, газдалған сусындар сияқты арзан, әрі сапасы төмен тағамдарды беруге тыйым салынған.
Өткен оқу жылында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мамандары еліміздегі білім беру ұйымдарына 4145 тексеру жүргізіпті. Нәтижесінде жауапты тұлғаларға жалпы сомасы 70 млн 429 мың теңгеге айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдану туралы 3188 қаулы шығарылған. Дәрігерлердің айтуынша, баланың тамақтануын бірінші кезекте ата-ана қадағалауы қажет. Мектепке дейінгі жастағы балақайлардың дұрыс тамақ ішуі де көптеген аурудың алдын алады.
«Бала рационында май, тұз бен қант мөлшерден артық болса және көкөністер мен жемістер жеткіліксіз болса, онда ағзаның дистрофиялық өзгерістеріне, иммунитеттің төмендеуіне, оның өсуі мен дамуына қажетті ағзадағы микроэлементтердің жетіспеушілігіне әкеліп соғады. Құрамында ақуыз бар ет, балық, сүт өнімдері мен жұмыртқаны беріп тұрыңыз. Өйткені ақуыз – барлық органдар мен ұлпалар үшін құрылыс материалы. Балаңыздың бойы мен салмағын бақылаңыз. Қыз балалардың рационында эритроциттерді қалыптастыруға көмек беретін, құрамында темірі бар тағамдар болуы тиіс. Ал ұл балаларға цинк және Е витаминіне бай тағамдар көбірек қажет. Тәтті тағамдар – балалардың артық салмақ қосуына бірден бір себеп. Сонымен қатар тәтті тіс шірігіне әкеп соқтыратынын естен шығармағаныңыз жөн. Қантты артық тұтыну баланың тәбетін жойып, қоректік заттарды бойға сіңіруге қолайсыз жағдай тудырады», - деді Өскемен қаласының №1 емханасы ШЖҚ КМК педиатр дәрігері Сабина Сагандыкова.