"Медтакси рәсімдеп беремін": Қарағандыда "әлеуметтік қызметкер" зейнеткерлерді тақырға отырғызған

Күдікті өзін учаскелік инспектор және әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырып, зейнеткерлердің ақшасын иемденген деген күдікке ілінді.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 17:13
Бүгiн 2026, 17:13
171
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Қарағандыда егде жастағы адамдарды алдады деген күдікпен 31 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды.

Polisia.kz мәліметінше, оның әрекетінен екі зейнеткер зардап шеккен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 2,8 миллион теңгеден асады.

Тергеу барысында күдіктінің күндізгі уақытта қарттардың сеніміне кіріп, өзін түрлі лауазымды тұлға ретінде таныстырғаны анықталған. Зардап шеккен зейнеткерлер көрші тұрған.

Бірінші жағдайда күдікті 77 жастағы зейнеткердің үйіне келіп, өзін учаскелік инспектор ретінде таныстырған. «Телефон нөмірлерін жаңарту» сылтауымен ол қарияның деректеріне қол жеткізіп, депозитінен 1 миллион 350 мың теңгені өз есепшотына аударып алған. Қарт ақшасының жоғалғанын тек кешке байқаған.

Келесі күні күдікті 74 жастағы қала тұрғынын алдап соққан. Бұл жолы ол өзін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырып, медициналық такси рәсімдеуге көмектесетінін айтқан. Сондай-ақ әйелге 20 мың теңге берген.

Кейін «карта рәсімдеу» барысында зейнеткердің биометриялық бейнежазбасын түсіріп алған. Біраз уақыттан соң банк қызметкерлері хабарласып, әйелдің атына несие рәсімделгенін айтқан. Бұл жағдайда келтірілген шығын 1 миллион 500 мың теңгені құрады.

Құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстады. Оның келбеті жәбірленушілердің сипаттамасымен сәйкес келген. Қазір ол қамауға алынған.

Полиция күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Еске салсақ, бұған дейін Талғарда алаяқтар Джеки Чанның "бейнесін" пайдаланып, қарияны алдамақ болған.

Тағы оқи отырыңыздар: Қарағандыда жыл басынан бері интернет-алаяқтыққа қатысты 300-ден астам дерек тіркелген 

896 млн теңге жымқырған: Астанада 100-ден астам адамды алдап соққан әйел сотталды 

Наверх