Бүгін, 21 мамырда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша айыптау үкімі жарияланды. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі мәлім етті.
Сот материалдарына сәйкес, сотталушы С. 124 эпизод бойынша алаяқтық жасады деп танылған. Ол адамдарды шетел визаларын рәсімдеу және көші-қон қызметтерін көрсету сылтауымен алдаған.
Тергеу барысында анықталғандай, сотталушы анасының атына тіркелген екі серіктестіктің директоры бола отырып, АҚШ, Ұлыбритания және Шенген аймағы елдеріне ұзақ мерзімді виза рәсімдеуге, сондай-ақ ықтиярхат пен азаматтық алуға көмектесемін деп жалған ақпарат таратқан. Нәтижесінде жәбірленушілерге келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі 896 миллион теңгеден асқан. Сотта прокурор айыпталушыны бас бостандығынан айырып, туризм және көші-қон саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады. Сотталушы кінәсін ішінара мойындаған. Оның кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, ақша аударымдары туралы түбіртектермен, келісімшарттармен, қолхаттармен және мессенджерлердегі хат алмасулармен дәлелденген, - делінген сот хабарламасында.
Сот жеңілдететін мән-жай ретінде шын жүректен өкінуді ескеріп, ауырлататын мән-жайлардың болмауына байланысты С.-ға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар оған 5 жыл бойы туризм және көші-қон саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Жаза орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеледі.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.