Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елордалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру үшін түскен барлық жарна аударымдары, яғни жинақталған қаржы, сенімгерлік басқару туралы жасалған келісімшартқа сәйкес, Ұлттық банкте сақталады. Қажеттілігіне қарай медициналық қызметтер ақысын төлеуге жұмсалады. ТМККК және МӘМС пакеттері бойынша халыққа көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне мониторинг жасап, тексергеннен кейін ғана Қор жеткізушілеріне төлем жүргізіледі, - деп атап өтті Нұрлыбек Қабдықапаров.
Айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі міндеттерінің бірі – халықтың медициналық көмекке, оның ішінде қымбат қызметтерге төлейтін шығынын азайту.
Сақтандырылған азаматтар: аурудың алдын алу, белгілерін ерте анықтау үшін профилактикалық тексерулерден (скринингтерден) өте алады. Көрсеткіштер бойынша КТ, МРТ, ПЭТ секілді қажет диагностикалық тексерулерге бара алады. Салалық мамандардан кеңес ала алады. ЭКҰ бағдарламасына қатысуға, күндізгі немесе тәуліктік стационарда емделуге мүмкіндік бар. Өз таңдауыңыз бойынша Медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан кез келген медициналық ұйымда операция жасатуға болады. Медициналық оңалтудан өтуді, азаматтардың жекелеген санаттары стоматологиялық көмек алуды қамтиды, - деді елордалық филиал басшысы.