Медициналық сақтандыру қорына алматылықтардан 1018 шағым түсті

18 Сәуір 2022, 15:24
1888
Бөлісу:
Медициналық сақтандыру қорына алматылықтардан 1018 шағым түсті
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ. Биылғы жылдың 3 айында Медициналық сақтандыру қорына Алматы тұрғындарынан 1018 шағым түсті. Бұл туралы МСҚ Алматы филиалының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Шағымдардың басым бөлігі медициналық көмектің сапасы мен консультациялық-диагностикалық қызметті күту мерзімінің ұзақтығына, көмек көрсетуден бас тарту фактілеріне қатысты болған.

Шағымдар Қордың fms.kz ресми сайты,  1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы түскен.

Филиал өкілдерінің айтуынша, пациенттердің туындаған мәселені алысқа ұзамай-ақ, сол жерде шешуге мүмкіндігі бар. Ол үшін медицина мекемесіндегі пациенттерді қолдау қызметінің көмегіне жүгінуге болады.

Пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметі бас дәрігерге бағынады. Оның міндеті қызмет көрсету сапасын жақсарту болып табылады. Сол себепті аудит қызметі медициналық көмектің пациенттерге толыққанды әрі сапалы көрсетілуін қамтамасыз етуге, кемшіліктерді анықтап, дер кезінде жоюға мүдделі, - дейді филиал басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Қандай жағдайда пациенттерді қолдау қызметінің көмегіне жүгінуге болады?
- шұғыл көмек көрсету үшін сақтандырылған статусын талап етсе;
- сақтандырылмағандықтан учаскелік дәрігердің қабылдауына жазудан бас тартса;
- емханаға тиесілі аумақта тұрсаңыз да учаскелік дәрігер/медбике үйге келіп қараудан бас тартса;
- салалық маманның жоқтығына байланысты немесе алдағы бір айда орын жоқ деген желеумен дәрігердің қабылдауына жазбаса;
- денсаулығыңызға қарай тиісті диагностикалық тексерулер мен зертханалық қызметтерге жолдама берілмесе;
- дәрігер сізді қабылдаған кезде дөрекілік танытса;
- көрсетілген медициналық көмектің сапасы көңіліңізден шықпаса;
- қойылған диагноз бен тағайындалған емнің дұрыстығына күмәнданған жағдайда;
- медициналық деректерден қате тапсаңыз немесе көрсетілмеген қызмет «көрсетілді» деп жазылған болса;
- жалпы медперсонал қызметіне көңіліңіз толмаса және тағы да басқа жағдайларда ішкі аудит қызметіне жүгінуге болады.
 

Өзгелердің жаңалығы