Медициналық сақтандыру тегін көмекке кепілдік береді – сарапшы

11 Мамыр 2019, 16:48
6944
Бөлісу:
Медициналық сақтандыру тегін көмекке кепілдік береді – сарапшы

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалдары өз жұмысын бастады. Тиімді тұстары пысықталып, қоғамдық маңызға ие болуда. Аталған жүйе денсаулық сақтау саласына бірқатар өзгеріс әкелгені белгілі.  Осы жүйе жайлы кеңірек білу үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Лаура Сапарбековамен сұхбаттасқан едік. 

Сонымен, медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан жүзеге асырыла бастайды. Осы ретте, халық арасында ақпараттандыруға қатысты үздіксіз жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жүйенің негізгі көздегені халыққа көрсетілетін медициналық көмектің уақтылы, сапалы әрі тиімді көрсетілуін қамтамасыз ету. Айта кетерлігі, халықтың ұсыныс-тілектеріне байланысты жүйе бірқатар өзгерістермен толықтырылды. Сондай-ақ, биыл жүйеге қатысты заңдарға бірқатар өзгеріс енгізілді.
– Лаура Ділдәбекқызы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы неде? 

– Ең алдымен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл халық денсаулығын қорғау саласында халық мүддесін әлеуметтік тұрғыда қорғайтын мемлекеттік жүйе екенін айтқым келеді. Ал, жүйенің бірден-бір артықшылығы – медициналық қызметке азаматтардың қалтасынан шығатын шығындарды қысқартады, клиника мен дәрігер таңдауға құқық беріледі, сақтандыру пакетінің сомасы шектелмеген және төленген жарна көлеміне бағынбайды. Сақтандыру пакетіне жоғары технологиялы операциялар да кіреді. Сонымен қатар, медициналық сақтандыру қоры 2018 жылдан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберіндегі қызметтерге тапсырыс беруші әрі халыққа көрсетілген қызмет ақысын төлеуші. Медициналық көмек ақысы әркімнің өзіне жинаған ақшасына ғана тәуелді болса, ол жоғары технологиялы қондырғылардың көмегімен жасалатын операцияларды айтпағанда, қарапайым ауруларды емдеуге де жетпейді. Сондықтан, қорға жинақталған қаражат – күллі қазақстандықтарға ортақ табыс. Әлбетте, адамдардың бәрі бірдей ауыра бермейді. Жылдап емханаға бармайтын, денсаулығы темірдей азаматтар да баршылық. Олардың есебінен қор қаржысы молайса, ертеңгі күні ол күрделі операцияға зәру бір адамның өмірін құтқаруы мүмкін. Медициналық сақтандыру жүйесі арқылы азаматтардың ынтымақтасуы деген осы.  

– Демек, менің атымнан жұмыс орны аударған қаржыға жылына екі рет қана емделуге бардым делік. Қалған 10 айдың қаржысы ортақ табысқа кіре ме сонда? 

– Әрине. Мысалы, сіздің жиған жарнаңыз небәрі 17 мың теңге болуы мүмкін. Ал көрсетілген қызмет құны миллион болуы мүмкін. Ең бастысы, медициналық көмек жиналған қаржының көлеміне қарамастан көрсетіледі. 

– Бүгінде аталған қорға кімдер жарна аударуда? 

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың 2020 жылға шегерілгені белгілі. Жаңа заң бойынша жұмыс берушілерден басқа санаттар жарна төлеу міндетінен босатылды. Биыл түркістандық жұмыс берушілер қызметкер табысының 1,5% көлемінде медициналық сақтандыру жарнасын өз қаражатынан аударуда. 2020 жылдан бастап, түркістандық жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін жарна төлеуді жалғастырады және жұмыс беруші есебінен 2% және қызметкер қаражатынан 1% аударады. Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, келісімшартпен жұмыс істейтін жеке тұлғалар өзі үшін ең төменгі жалақының 1,4 еселенген көлемінің 5%-ын төлейді. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар 2020 жылдан бастап, ай сайын ең төменгі жалақының 5% төлеп отырады. Мемлекет халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған, тұрмысы төмен бөлігін қолдау мақсатында он миллионға жуық адамды сақтандыруды өз мойнына алып отыр. 

– Мемлекет тарапынан сақтандырылатын жеңілдігі бар азаматтар санатына кімдер кіреді? 

– 2020 жылдан бастап мемлекет әлеуметтік әлсіз топтарға жататын балалар, жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, үш жасқа толмаған бала тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар, бала туу немесе жаңа туған сәбиді асырап алуға байланысты, баласы үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты демалыс алған адамдар, мүгедек бала күтімінде отырғандар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектер, сот үкімі бойынша қылмыстық атқару мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторында отырғандар, жұмыс істемейтін оралмандар, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар, мүгедектер, орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар, бала кезінен бірінші топтағы мүгедекке күтім жасауды жүзеге асыратын жұмыс істемейтін адам, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушы жұмыс істемейтіндер кіреді. Егер азаматтар жеңілдік берілген санатқа жататын болса, онда ол үшін жарнаны мемлекет төлейді. Жеңілдігі бар санатқа жататын әр адам үшін аударылатын жарна мөлшері орташа айлық жалақының 1,4% құрамақ. Ал, жарна төлемеген азаматтар амбулаториялық көмек пен шұғыл жағдайлар туындағанда көрсетілетін стационарлық көмекті тегін пайдаланатын болады. 

– Жинақталған жарнаға кім кепілдік береді және оны қашаннан бастап пайдалануға болады? 

– «Әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, Қор активтерінің тұтастығына мемлекет тарапынан кепілдік берілген. Түскен жарналар Ұлттық банктегі шотта сақталады. Ұлттық банк қаржыны сақтап қана қоймай, активтерді сақтандыру пакеті аясында көрсетілетін медициналық қызметтерді сатып алу басталғанға дейін басқарады. Қаржыны инвестициялау туралы шешімді Ұлттық банк қабылдайды. Бұл түскен қаржыны инфляция салдарынан құнсызданудан сақтайды. 2020 жылдан бастап қаржы медициналық қызметтерді сатып алуға жұмсалады. Оны басқа мақсаттарға жұмсауға заң бойынша тыйым салынған. 

Биыл сәуір айында Медициналық сақтандыру қорына аударылған жарна мөлшері 9,5 млрд теңгеге жетті. 2017 жылдың 1 шілдесінен 2019 жылдың 30 сәуіріне дейінгі аралықта Қорға 167,2 млрд теңге түсті. Аударымдарды жүйе іске қосылған алғашқы жарты жылда өзі үшін жарна төлеуге міндеттелген жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғалар, сондай-ақ жұмыс берушілер аударған.
Атап айтқанда, жинақталған қаражаттың 94,8% немесе 158,5 млрд теңгесі жұмыс берушілерге, 5 проценттен астамы немесе 8,7 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен АҚК негізінде еңбек ететін санатқа тиесілі. 

Аймақтық тұрғыдан алғанда, жарна төлеу жағынан бұрынғыша Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр. Сондай-ақ, 2019 жылдың қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) енгізілді. Оның ішінде, басқа әлеуметтік төлемдермен қатар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарнасы да бар. Бұл төлем азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Бірыңғай жиынтық төлемді еңбек етіп жүрген, жалдамалы жұмысшылар еңбегін пайдаланбайтын, жеке тұлғаларға қызмет көрсететін жеке тұлғалар төлейді. Төлем республикалық, облыстық маңызы бар қалаларда 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) болса, басқа елді мекендерде (ауыл, аудан т.б.) 0,5 АЕК құрады. Айлық есептік көрсеткіш мөлшері бүгінгі таңда 2 525 тенгені құрап отыр. 

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қолданудың белгілі бір шарттары бар ма? 

– Азаматтардың денсаулығын сақтандыру алдымен емханаға тіркелуден басталады. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу барлық азаматқа міндетті болғандықтан, әркім өзінің құқығын пайдаланып, жұмыс орнына, оқу орнына немесе тұрғылықты жері бойынша емханасына немесе ауруханасына баруы керек. Ол үшін емхананың тіркелу бөліміне жеке куәлікпен келіп, бас дәрігердің атына өтініш жазу жеткілікті немесе телефон арқылы да мәртебеңізді анықтауға болады. Бұл ретте ешқандай да мекенжай анықтамасы талап етілмейді. Сондай-ақ, дәрігер мен емхананы еркін таңдау құқығы жылына бір реттен аспау керектігін де есте ұстаған жөн. Ал тиісті ем-домды жасау алдымен емханадағы жалпы тәжірибелік дәрігерден басталады. Өзге клиникаларға немесе дәрігерге қаралу үшін қолыңызда міндетті түрде жергілікті емхана дәрігерінің жолдамасы болуы қажет, онсыз ешкім сізді тегін қарамайды. Егер дәрігер тиісті жолдаманы бермей жатса, онда құқыңызды қорғап, міндетті медициналық сақтандыру қорының FMS.KZ ресми сайтына арыз-шағым қалдыруға болады. 

– Сонымен, Түркістан облысында осы уақытқа дейін қанша медициналық ұйыммен келісімшарт жасағанын айта кетесіз бе? 

– 2019 жылы Медициналық сақтандыру қоры тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде Түркістан облысының денсаулық сақтау субъектілерімен жергілікті тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін 73 медициналық ұйыммен, соның ішінде 39 мемлекеттік және 34 жекеменшік клиникалармен келісімшарт жасасты. Жалпы, жасалған келісімшарт сомасы 71 550 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ, Қор халыққа көрсетілген медициналық қызметтің сапасын бақылап, сарапқа салады. Осы жылдың 2 айында Түркістан облысы бойынша Қормен шартқа отырған барлық медициналық ұйымда 73 444 науқас емделді. Барлық емделген оқиғалардан «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының сараптау бөлімімен 2576 жағдайды анықтады. Кемшіліктердің басым бөлігін емдеу-диагностикалау іс-шараларының стандарттарынан ауытқушылығы, арнайы медициналық көмек және стационарды алмастыратын көмектер құрайды. 

– Медицина ұйымдарының көрсетіп жатқан қызметіне халықтың баға беруге мүмкіндігі бар ма? 

– «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ сақтандыру төлемдері жайлы мәлімет алуға мүмкіндік беретін емханалар қызметін бағалауға арналған мобильді қосымшасын іске қосқан болатын. Медициналық қызметтерді пайдаланушылар осы қосымшаның көмегімен Медициналық сақтандыру қорының дерекқорына енген барлық емдеу ұйымдары туралы пікір білдіріп, шағым жаза алады. Болашақта осы тілек-шағымдар негізінде клиникалардың рейтингі жасалмақ. Бұл азаматтардың ең үздік деген клиникалар мен емханаларды таңдауына мүмкіндік береді.
Қосымшада пациенттерге емханалар мен стационарлар қызметін әртүрлі өлшемдер бойынша бағалауға мүмкіндік беріледі. Олардың қатарында қабылдауды күтуге кеткен уақыт, сервис деңгейі, дәрігер берген ем-домның дұрыстығы, түсініктілігі, қызмет көрсетуге жасалған жағдайлар сынды өлшемдер бар. 

Қосымшаны пайдалану үшін алдымен ЖСН енгізіп, авторизация жасау қажет. Қор болашақта оны жаңа функциялармен және сервис түрлерімен толықтыруды жоспарлап отыр. Қосымшаны сынақтан өткізіп, https://fms.kz/ru/suggestion сілтемесі бойынша ұсыныс-пікір жолдауға болады. «Халықтық бақылау» қосымшасын Android платформасына негізделген смартфондарға Playmarket арқылы, ал iOS платформасы үшін AppStore арқылы жүктеп ала аласыз. 

Сонымен қатар, кез келген азамат МӘМС жүйесіне қатысу және төленген жарналар туралы мәліметті Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алу (ХҚКО) мүмкіндігіне ие болады не болмаса бұл қызметтерді «электронды үкіметтің» egov.kz порталы арқылы ала алады. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Цифрлық қолтаңбасы бар кез келген азамат «жеке кабинетке» кіріп, МӘМС төлемдерінің соңғы рет қашан жасалғанын анықтап біле алады. 

Бұдан бөлек, МӘМС жүйесін халыққа түсіндіру мақсатында Медициналық сақтандыру қорының fms.kz сайты жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Мұнда тұрғындар осы жүйеге қатысты соңғы жаңалықтармен танысып, қор туралы толық мәлімет алады. Сондай-ақ, «Халықтық бақылау» деген бөліміне кіріп, кез келген емхананың қызмет сапасы мен кәсіби біліктілігіне көңілі толмаған жағдайда шағым қалдыруға мүмкіндігі бар. Бұдан өзге, «Клиника таңдау» айдарын ашып, 2017 жылы Кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде қызмет көрсететін медицина ұйымдарының тізімімен танысып шығады. Сайтта МӘМС жүйесінде қызмет көрсететін медицина ұйымдарының тізімі де жарияланған. Атап айтқанда, сұрақ-жауап, нормативтік база, инфографикалар мен пайдалы материалдар да қамтылған. Бастысы, сайтта МӘМС калькуляторы жұмыс істейді, яғни осы сервистің көмегімен аударымдар мен жарна мөлшерін есептеуге болады. Ол үшін қажетті деректерді енгізіп, жарна мөлшерін анықтай аласыз. Шілденің басынан бері жарна төлеуді бастап кеткендер үшін аударымдар мен жарналар деректемелері де сайттың бір бұрышына орналастырылған. Түптеп келгенде, мұның бәрі медицина ұйымдарының қызмет сапасын көтеруге ынталандырады. 

– «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының атқарып жатқан жұмысы жайлы айтып берсеңіз. 

– Медициналық жүйенің жай-жапсары туралы жұртшылыққа толыққанды дұрыс ақпарат беру үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының қызметкерлері бүгінге дейін көптеген елді мекенді аралап, халықтың әртүрлі топ өкілдерімен кездесу ұйымдастырды. Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі қор қаражаты қалай қадағаланатыны, кімдердің жарна төлеуден босатылатыны, оның көлемі мен төлеу уақыты жөнінде сауалдар қояды. Сондай-ақ медициналық сақтандырылатын азаматтардың ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер бар. Олардың табысы тұрақты емес. Соған сай мәртебесі де өзгеріп отырады. Мұндай жағдайда жұмыскер не істеуі керектігіне байланысты да сұрақтар көптеп түсуде. Осыған орай, мұндай сауалдарды да жан-жақты түсіндіріп жатырмыз. Бүгінде қор өкілдері аудан, қалалардағы елдімекендерде 252 кездесу өткізді және әр аптаның жұма күні Түркістан қалалық Халыққа қызмет көрсету орталығында тұрақты кеңес береді.

– Жалпы, Қордың басты қағидаты қандай? 

– Қордың басты қағидаттарының бірі – халықты сапалы, әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамту. Осыған орай, қор аудан, қалаларда, елді мекендерде бірқатар іс-шаралардың ұйытқысына айналып жүр. Мәселен, «Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес» күніне орай Түркістан облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде ақпараттық күні ұйымдастырылды. Жалпы, туберкулез бүгінгі қоғам үшін таңсық емес. Адамзат одан толық айығу жолдарын жақсы біледі, дәрі-дәрмек пен микробқа қарсы препараттарды табу да қиындық тудырмайды. Соған қарамастан, жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Ендеше, бұл ауру туралы не білген жөн, одан төнетін қауіп қандай және әрбір азамат туберкулезге қарсы күрес науқанына қандай үлес қосуына болатыны жөнінде мамандардан кеңес алды. Елімізде туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кепілдендірілген медициналық көмек пакетіне кіреді. Былайша айтқанда, ауру тегін емделеді. Биыл осы дертке шалдыққандарды анықтау, емдеу мен әлеуметтік қолдауға Түркістан облысы бойынша мемлекеттік бюджеттен 5 млрд теңге бөлінді. Бөлінген қаражат мамандырылған медициналық көмекке, қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалады. 

Сонымен қатар, «Медицина жаныңда!» акциясы аясында аудан, қала аумағынан шалғайда орналасқан елді мекендерге дәрігерлер медициналық көмек көрсетті. Іс-шарада мамандар халық әлеуметтік медициналық сақтандыру, тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде қандай көмек қолжетімді болатыны, ауылда медициналық көмек алу үшін қандай мүмкіндіктері бар болатыны туралы ақпарат берді. Ал, аудан, қалалардағы ауруханалардың педиатр, хирург, невропатолог, салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша дәрігері және стоматолог тұрғындарды жолдамасыз қабылдады. 

– Ауруханада тегін емделу үшін нені білуіміз керек? 

– Медициналық сақтандыру жүйесі аясында ауруханада тегін емделудің екі жолы бар. Жоспарлы түрде ауруханада емделу: яғни дәрігердің бағыттауы бойынша созылмалы аурулар мен өмірге қауіп төндіріп тұрмаған ауруларды емдеу. Шұғыл ауруханаға жатқызу: бұл науқастың өміріне қауіп төндіріп тұрған, кейінге ысыруға келмейтін ауру бойынша стационардағы ем. Шұғыл емдеу әрдайым тегін жүргізіледі. Шұғыл жатқан адамға тіркеуі жоқ болса да көмек көрсетіледі. МӘМС аясында медициналық көмек тұрғылықты жеріне қарамастан кез келген адамға бірдей көрсетіледі. Тек ең бастысы Медициналық ұйымның сақтандыру қорымен келісімшарты болу керек. Қандай төлем салынса да сақтандыру жүйесінің қатысушысы кез келген медициналық қызметке қол жеткізе алады. Шығындарды сақтандыру жүйесі төлейді. Сақтандыру қорымен жасалған келісім бойынша барлық материалдық және еңбек ресурстары медициналық ұйымның мойнында болады. Науқастарға дәрі сатып алу, тамаққа төлеудің қажеттілігі жоқ. Стационарлық емдеудің барлық шығындарын Қор өз мойнына алады. Егер дәрі жоқ болған жағдайда, медициналық мекеме дәрінің баламасын табуы тиіс. Стационардағы жоспарлы ем болса, дәрігердің бағыттауы бойынша тегін жүргізіледі. 

Көп жағдайда ауруханаға жатқызу мерзімі автоматты түрде белгіленеді. Мамандандырылған ауруханаларда онкологиялық, психиатриялық, наркологиялық, тері-венерологиялық немесе инфекциялық, басқа да емханаларда емделу мерзімі стационармен бірге айқындалады. Науқасқа ауруханаға жатып емделу үшін код көрсетілген талон беріледі. Кодты https://bg.eisz.kz/ сайтына енгізіп, кезек күтуіне болады. 

Ауруханаға жатар күні өзіңізбен бірге келесі құжаттарды алып жүруді ұмытпаңыз: жеке куәлік, ауруханаға жатуға арналған талон, диагностикалық тексеру нәтижелері, ауруханаға жатқызу туралы бағыттама-құжат.
Егер стационарлық ем басқа қалада жоспарланған болса, билет жайын өзі реттегені дұрыс. Медициналық әлеуметтік сақтандыру қоры көлік шығынын өтемейді. Егер ауруханаға жатуға қатысты кедергілер кездессе, дәрігерге бұл туралы ескерткені жөн. Әйтпесе, ауруханаға жатқызу мүмкіндігі жойылып кету мүмкін. 

– Қандай жағдайда пациентті ауруханаға жатқызудан бас тартады? 

– Пациент қажетті тексерулерден өтпеген болса. Егер ертерек ескертілсе стационар пациентті бір тәулікке дейін күте алады. Осы уақыт ішінде тиісті анализдерден өтіп үлгеруге тырысуы керек. Әйтпесе өтінім күшін жояды. Мысалы, өткір респираторлық вирустық инфекция жұқтырып алған пациенттер қабылданбайды. Мұндайда айыққаннан кейін қайта хабарласу қажет. 

– Түркістан облысы бойынша дәрі-дәрмекті кімдер тегін ала алады? 

– ҚР Денсаулық сақтау министрінің № 666 бұйрығына сәйкес, азаматтар аурудың 45 түрлі тобы бойынша 274 түрлі дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз етіледі. Ол үшін белгілі бір ауруға шалдыққан азамат тұрғылықты жері бойынша емханаға тіркеліп, анализ тапсырып, диагноз расталғаннан кейін диспансерлік есепке тұрады. Науқасты емдейтін учаскелік немесе салалық дәрігер рецепт береді. Содан соң, науқас жеке куәлікпен рецептіні тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша жұмыс істейтін дәріханаға барып, өзіне қажетті дәрісін алуына болады. Ал, тегін дәрі беретін дәріханалардың тізімін емханадан сұрап біледі. Науқастың дертін емдеу курсы ұзақ болған жағдайда дәрі-дәрмек 3 айға есептеп беріледі. Тағы бір ескере кететін жайт, дәріні айына бір реттен артық алуға болмайды. Яғни, дәрі саны емдеу курсына байланысты, сондай-ақ, мемлекет дәрілерді халықаралық патенттелмеген атаулары бойынша сатып алады. Себебі, бір дәрінің бірнеше түрі болуы мүмкін. Мысалы, ацетилсалицил қышқылы – дәрінің халықаралық патенттелмеген атауы. Ал, тауарлық атауы – Аспирин және Упсарин. Тегін дәрілер берілмей жатса емхана басшылығына және тұрғылықты жеріңіздегі денсаулық сақтау басқармасы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі фармация комитетінің департаментіне хабарласуға болады. 

– Сұқбатыңызға рақмет. 


Өзгелердің жаңалығы