Су қоймасының толуы егістік алқаптарын суармалы сумен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы 98%-ға толды. Қазіргі уақытта онда 18,04 млрд текше метр су жиналған.
Су қоймасындағы су көлемі Ақдала және Шеңгелді ауылдық округтеріндегі ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен толық қамтуға мүмкіндік береді.
Қапшағай су қоймасы Балқаш көліне құятын трансшекаралық Іле өзенінің ағысын реттейді. Вегетациялық кезеңнен тыс уақытта су қоймасынан Балқашқа шамамен 4 млрд текше метр су жіберілген.
Біз трансшекаралық өзендер, соның ішінде Іле өзені мәселесі бойынша қытайлық әріптестермен тұрақты байланыстамыз. Екі елдің үйлесімді жұмысының арқасында Алматы облысының диқандары қатарынан үшінші жыл суармалы сумен тұрақты қамтамасыз етіліп отыр, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов.