Осы жылдың 23 мамырынан 12 маусымына дейін «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ШҚО мен Абай облысының 11 шалғай станциясында болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіп, жүздеген кеңес берулер мен тексерулер, шағын операциялар жүргізді. Қажет мамандары мен емханалары жоқ шалғайдағы кенттердің тұрғындарына жоспарлы ауруханаға жатқызуға жолдамалар берді. Бүгін пойыз өз жұмысын Павлодар облысында бастады.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Шақат станциясына 13 маусым күні сағат 02:03-те келді. Денсаулық керуен аталған бекетте 14 маусымда сағат 21:40-ға дейін тұрады. Сондай-ақ, пойыз кестесіне Павлодар облысының Красноармейка, Спутник, Тасқұдық, Майқайың, Бозшакөл, Өлеңті және Торғай сияқты станциялары енгізілген.
Естеріңізге сала кетейік, пойыздың медициналық құрамына терапевт, хирург, жалпы тәжірибе дәрігері, невропатолог, ультрадыбыстық диагностика дәрігері, акушер, зертханашылар, медбикелер, рентгенолог, сәулелік диагностика дәрігері, стоматолог, отоларинголог, психолог, окулист, гинеколог және уролог кіреді. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен алғаш рет азаматтарға тиімді психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуластыру) көмек көрсететін кәсіби психолог, медиатор және заңгер жұмыс істеуде. Бұдан басқа, азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау алу, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тегін кеңестер өткізіледі.
Жалпы ШҚО мен Абай облысында консультативтік-диагностикалық пойыздың дәрігерлері 7104 тұрғынды, оның ішінде 1031 баланы қабылдады. Дәрігерлерге қаралудың жалпы саны - 19414. 550 шағын хирургиялық операция жасалды.
Тұрғындар болса, бұл мүмкіндіктер үшін алғыс жаудыруда.
Сонымен, пойыздың әр маманы науқастардың көп санын тексерді: жалпы тәжірибе дәрігері, терапевт, педиатр - 1665 адам; хирург - 2282; уролог - 2224; невропатолог – 1964; офтальмолог – 2660; ЛОР – 1425; акушер-гинеколог – 739; стоматолог - 1497; ЭКГ - 952; УДЗ - 2936; ФЛГ – 412 және кардиолог - 108 адам.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның медиаторы мен заңгері халықты әлеуметтік қолдау мәселесінде ауқымды жұмыс атқарды - ШҚО 10 шалғай станциясы азаматтарының 510 өтініші қабылданып, 46 медиативтік келісімге қол қойылды.
2013 жылы ажырасқан, бұрынғы күйеуі алимент төлемейтін әйелдің жағдайын қарадық. Оның 3 кәмелетке толмаған баласы бар, қарт ата-анасымен бірге апатты 2 бөлмелі пәтерде тұрады, көмек сұрайды. Мен аудан әкімінің орынбасарын шақырып, оған жалға берілетін тұрғын үйге кезекке тұруға көмектесуін өтіндім. Олар көмектесетін болды. Оның шағын бизнесі үшін мәдениет үйіндегі бөлмені жалдау ақысынсыз ұсынды. Күзде пәтер бөлінеді, - дейді кәсіби медиатор Жанара Өсіпбекова.
Сондай-ақ, Абай облысының бес станциясында 330 өтініш қабылданып, 32 медиативтік келісім жасалды (Семей полигоны ауданында тұратын тұрғындар үшін әлеуметтік жәрдемақы болмауының мәселесі - 48, мемлекеттік тұрғын үйге кезекке қою - 22, жылжымайтын мүлік құжаттарын ресімдеу - 31, грант бойынша шағын бизнес ашу - 55, мүгедектерге жәрдемақы алу - 18. алимент төлеу - 11, несиені кейінге қалдыру - 35, жұмыс іздеу - 27, қоғамдық көліктің, аурухананың, дәріхананың, жұмыстың болмауы мәселесі - 63 өтініш).
Айта кетейік, жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қоры» ҚҚ және ақпараттық серіктес - Jibek Joly телеарнасымен ынтымақтастықта жүзеге асыруда.