Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Жәрдем» мамандандырылған медициналық пойызы бүгін Батыс Қазақстан облысындағы Семиглавый Мар станциясында жұмысын бастады. Жалпы аталған «доңғалақ үстіндегі емхана» 9 тамызға дейін БҚО-дағы 9 шалғай станцияға барады.
Ол 25-26 шілде Тасқала, 27-28 шілде Дерқұл, 29-30 шілде Переметная, 31 шілде мен 1 тамыз Белес, 2-3 тамыз Жайық, 4-5 тамыз Алғабас және 6-7 тамыз Амангелді станцияларында болып, 8-9 тамыз аралығында Шыңғырлау бекетінде өз жұмысын аяқтайды. Медициналық пойыз мамандары күнделікті сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін емдік көмек көрсетуге, кеңес беруге және қажет болса, елдегі медицина мекемелеріне жолдама беруге дайын.
Ал 29 маусым мен 22 шілде аралығында «Жәрдем» пойызы Ақтөбе облысының 12 станциясында болды. Өткен үш апта ішінде Ақтөбе облысындағы консультациялық-диагностикалық пойыздың мамандары 7032 тұрғынды, оның ішінде 2693 баланы және 4339 ересекті қабылдаса, дәрігерлерге қаралудың жалпы саны 25953 құрады.
Медицина қызметкерлері мүмкіндігінше көп пациент қабылдауға, оларды тексеруге, ем тағайындауға және қажет болған жағдайда аудандық немесе облыстық ауруханаларға жолдама беруге тырысады. Сонымен қатар, адамдар ең көп ЖПД, терапевт, педиатр маманына қаралған – 5728 адам. Бұдан әрі офтальмолог – 2811 адам, сондай-ақ невропатолог – 2473 адам. Медициналық пойызда барлығы 1452 ЭКГ, 1161 УДЗ және 334 флюорография процедуралары жүргізілді. Сондай-ақ, 11 кіші хирургиялық операция жасалса, оның ішінде 7 – тұрақты тісті жұлу (қарапайым), 2 тұрақты тісті жұлу (күрделі), 2 – циркумцизия (сүндетке отырғызу).
Ақтөбе облысының тұрғындары медициналық пойыздың қызметкерлеріне қажет көмек көрсеткені үшін алғыс білдіре отырып, оларды тағатсыздана күтетінін жасырмады.
Бүгін мен «Жәрдем» медициналық пойызының окулист дәрігеріне тексерілуге келдім, өйткені көзім көрмей барады. Ол денсаулық жағдайымды өте мұқият қарап, көз қысымын өлшеген соң ем тағайындады. Дәрігерден кеңес алғаныма өте қуаныштымын. Алыс аймақтарға дәрігерлердің өз аяғымен келіп, көмек көрсеткені өте қажет, әсіресе ақылы түрде тексерілуге мүмкіндігі жоқ адамдар үшін. Мұнда барлық маман, тіпті УДЗ және ЭКГ бар, – деп Темірбек Жүргенов ауылының тұрғыны Рахима Баянова өз әсерімен бөлісті.
Медициналық пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаева облыста жүргізілген жұмыстарымен бөлісті: «Дәрігерлер Бегімбет станциясында 1933 жылы туған тұрғынға екінші рет тексеру жүргізді. Алғаш рет кейуананы 2019 жылғы сапар кезінде тексерген едік. Ол кезде 89 жастағы Шайкен Бақытжанованың жамбас сүйегі сынған. Биыл науқастың қызы хабарласып, анасының денсаулығын тексеріп беруді сұрады. Себебі жарақаттан кейін қиындықтар бар екен. Біз өз кезегімізде анализ алып, бірінші науқастың жүрегін тексердік. Сондай-ақ оны хирург, травматолог, кардиолог, терапевт қарап, қажет ем-дом жазып берді. Шайкен апа медициналық пойыз дәрігерлеріне өз ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді. Одан бөлек Ақтөбе облысында созылмалы простатит, тізе буынының артрозы, варикоз, омыртқа остеохондрозы, қан қысымы, холецистит, панкреатит, цистит, аллергиялық ринит, созылмалы фарингит және отит, сондай-ақ тері аурулары өте жиі кездеседі».
«Жәрдем» медициналық пойызы Батыс Қазақстан облысынан кейін Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарындағы шалғай станцияларда өз жұмысын жалғастырады.
Естеріңізге сала кетейік, екінші «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 20 маусымда Алматы облысынанан өз жұмысын бастады. Қазіргі уақытта пойыз Шығыс Қазақстан облысындағы Тұрғысын станциясында тұр. Медициналық пойыз мамандары 30 шілдеге дейін аймақ тұрғындарын тегін тексереді.
Жалпы қос пойыз еліміздің шалғай аудандарындағы 147 станцияны қамтиды. Медициналық пойыздардың қозғалыс кестесі туралы нақты ақпаратты жобаның www.medpoezd.kz ресми сайтынан немесе 8 7172 60 45 94, 8 701 206 15 40 нөмірлері арқылы, сондай-ақ @medpoezd.kz Instagram парақшасынан біле аласыздар.
Жобаны «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп іске асыруда.