Медициналық пойыз 80 мыңнан астам қазақстандыққа көмек көрсетті

7 Қараша 2022, 14:57
1360
Бөлісу:
Медициналық пойыз 80 мыңнан астам қазақстандыққа көмек көрсетті

Бұл туралы «Медициналық пойыздар» қайырымдылық жобасының аяқталуына байланысты өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Белгілі болғандай, пойыз 6 ай бойы шалғайдағы елдімекендерді аралап, халыққа тегін медициналық көмек көрсеткен. 

Жалпы Samruk-Kazyna Trust қорының 2022 жылға арналған қайырымдылық бюджеті 10 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 9 айда 7,1 млрд теңге игерілді. Бұл ретте ел бойынша 44 жоба іске асырылуда, оның 30-ы биыл Қамқоршылық кеңестің мақұлдауына ие болды. Сол жобалардың бірі – «Медициналық пойыздар». Біздің Қор 760 млн теңгеге жуық қаржыға қызметін толық қамтамасыз еткен жобаның арқасында шалғайда орналасқан елдімекен тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетілді. Біз үшін бұл жобаның маңызы зор. Өйткені осының арқасында халық денсаулығын жақсартуға, алыс аудандар мен ауыл тұрғындарына қажет қызмет түрлерін қолжетімді етуге мүмкіндік туды. Ақжолтай құрамның арқасында көптеген ел тұрғындары тегін әрі сапалы медициналық көмек алып, өмір сүру сапасы жоғарылауда, – деп атап өтті қордың әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Әдиева.

Жоба бойынша ел аумағындағы бекеттерде заманауи диагностикалық жабдықтар орнатылған «Саламатты Қазақстан» және «Жәрдем» медициналық пойыздарының мамандары көмек көрсеткен. Медициналық пойыздар бүкіл республиканы аралап, 147 бекеттін тұрғындарын демалыссыз қабылдаған. Жұмыс барысында барлығы 80 649 қазақстандыққа емдеу-консультациялық қызмет көрсетіліп, оның ішінде 21 867 бала қаралды. 5 097  шағын хирургиялық операция жасалып, 26 587 адамға стоматологиялық көмек көрсетілді. «Жәрдем» медициналық пойыз мамандары 59 бала сүндеттелді. Медициналық пойыздарда барлығы 389 388 дәрігерлік қабылдау болды.  

Салыстыра кетсек, пандемияға дейінгі 2019 жылы жобаға қатысқан мамандар 273 елдімекенді аралап, 63 000-нан аса тұрғын медициналық тексерістен өткен. 

Өзгелердің жаңалығы