Медициналық оңалтуға бөлінетін қаржы көлемі 13 есе артты

8 Желтоқсан 2022, 14:01
1191
Бөлісу:
Медициналық оңалтуға бөлінетін қаржы көлемі 13 есе артты

Биыл Алматыда 10 айда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен 700 мыңға жуық медициналық оңалту қызметі көрсетілді. Оған Медициналық сақтандыру қоры тарапынан 5,8 млрд теңге төленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры Тілеухан Әбілдаевтің айтуынша, медициналық сақтандыру оңалту мен пациенттердің денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған ем-шаралардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

МӘМС енгізілгелі медициналық оңалтуға бөлінетін қаржы көлемі 13 есе артты. Салыстырар болсақ, 2019 жылы оңалту қызметіне бар-жоғы 600 млн теңге жұмсалса, 2022 жылы реабилитациялық қызметтерге 7,5 млрд теңге бөлінді", - деді Тілеухан Әбілдаев.

Қазіргі таңда денсаулығында туабітті ақауы бар, инсульт немесе инфаркт салдарынан мидағы қан айналымы бұзылған, омыртқасына, буындарына немесе кардиохирургиялық ота жасатқан, қимыл-қозғалыс аппараты зақымданған пациенттер медициналық оңалтудан өте алады. МӘМС арқылы көрсетілетін емнің бұл түрі емханалар мен ауруханаларда ғана емес, жеке меншік клиникаларда, реабилитациялық және спорттық-оңалту кешендері мен санаторийлерде де көрсетіледі.

Қор барлық профильдер, соның ішінде оңалту қызметі бойынша жаңа клиникаларды тұрақты түрде жұмысқа тартады. Бұл емдеу мекемелеріндегі кезекті азайтып, пациенттердің медициналық көмекті пайдалану құқығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Биыл Алматы қаласында 75 медицина ұйымы реабилитация профилі бойынша қызмет көрсетіп жатыр. Олардың бәрі Қормен келесімшарт бекіткен, - деді Медициналық сақтандыру қоры Алматы филиалының директоры.

Айта кетсек, пациент реабилитациядан өтетін клиниканы өз бетінше таңдай алады. Олардың нақты тізімімен Қордың fms.kz сайты арқылы танысуға болады. Жолдама аурухананың немесе емхананың мультидисциплинарлық командасының қорытындысы негізінде беріледі.

Өзгелердің жаңалығы