«Медициналық көмектің флагманы»: Жамбыл облысының үздік медициналық ұйымдары анықталды

7 Қыркүйек 2026, 19:23
АВТОР
 7 Қыркүйек 2026, 19:23
7 Қыркүйек 2026, 19:23
18

Тараз қаласында «Медициналық көмектің флагманы» байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Жеңімпаздарға марапаттарды Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова және Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Отарбаева табыстады.

Байқауды Қор өзінің құрылғанына 10 жыл толуына орай, сондай-ақ медициналық қызмет көрсетушілердің медициналық көмектің сапасын арттыруына ынталандыру, озық тәжірибелерді дамыту және медициналық ұйымдардың қызметін жетілдіру мақсатында ұйымдастырды.

Байқау 2026 жылғы 1 мамыр мен 1 тамыз аралығында өтті. Оған медициналық қызмет көрсететін барлық ұйымдар автоматты түрде қатысты.

Қатысушылар көрсетілетін медициналық көмектің негізгі бағыттарына қарай екі топқа бөлінді.

Бірінші топқа бастапқы медициналық-санитариялық көмек, консультативтік-диагностикалық және шұғыл медициналық көмек көрсететін медициналық қызмет берушілер кірді.

Бірінші топ бойынша жеңімпаз – «Шу аудандық орталық ауруханасы» ШЖҚ КМК.

Екінші топқа стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсететін медициналық қызмет берушілер қатысты.

Екінші топ бойынша жеңімпаз – «Қалалық көпбейінді аурухана және консультативтік-диагностикалық орталық» ШЖҚ КМК.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Жамбыл облысы бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова байқаудың маңыздылығына тоқталды:

Бұл байқау – медициналық ұйымдардың күнделікті еңбегіне берілген баға ғана емес, сапалы медициналық көмек көрсетуге деген ұмтылысты ынталандыратын маңызды бастама. Бүгінде денсаулық сақтау саласында халыққа көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға ерекше мән берілуде. Осы бағытта аянбай еңбек етіп жүрген барлық медициналық ұйымдардың ұжымдарына алғыс білдіремін. Байқау жеңімпаздарының тәжірибесі өзге медициналық ұйымдарға да үлгі болып, үздік тәжірибелердің одан әрі дамуына ықпал етеді деп сенемін, – деді Ғайни Аймағанбетова.

Байқау қорытындысы бойынша комиссия қатысушылардың нәтижелерін саралап, қызметінің жоғары көрсеткіштерін көрсеткен, жұмысты тиімді ұйымдастырған және медициналық көмектің сапасын тұрақты арттыруға ұмтылған медициналық ұйымдарды анықтады.

«Медициналық көмектің флагманы» атағы – медициналық ұжымдардың кәсіби біліктілігіне, сапалы қызмет көрсетуге және денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан үлесіне берілген лайықты баға.

Наверх