Біртанов: Медициналық кәсіподақ адвокат жалдауға көмектесуі керек

29 Шілде 2019, 14:17
1670
Бөлісу:
Біртанов: Медициналық кәсіподақ адвокат жалдауға көмектесуі керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде өткен алқа мәжілісінде ДСМ басшысы ЕлжанБіртанов медициналық кәсіподақ жұмысын сынға алды.

Министрдің медициналық кәсіподақ жұмысын сынға алуына  қаралуға келушімен жанжалдасып қалуына байланысты бір тәулікке қамауға алынған ақтаулық педиатр Насуқан Отарғазиевтің оқиғасы себеп болды.

Министрдің пікірінше, мұндай жағдайда  медициналық кәсіпорынның қол қусырып отыруына болмайды.

"Бұл жағдайда кәсіподақ қайда қарап отырды? Олар емхана, денсаулық сақтау басқармасы басшыларымен және әкімдіктермен тығыз байланыста болуы керек. Мұндай жағдайды бейбіт жолмен шешуге болады. Енді бұл мәселе қоғамда талқыланып, медициналық қызметкерлер наразылық танытуда. Олар өздерінің қорғалмағандары үшін наразы. Медициналық кәсіподақ тым болмағанда адвокат жалдауға көмектесуі керек", - деді министр. 

Елжан Біртанов жедел медицина қызметінде жұмыс істеген кезінде өзі де осындай жағдайға тап болғанын айтты.

"Науқастың наразы туыстары сотқа берген жағдайларға өзім де куә болғам. Мұндай жағдайда дәрігер өз-өзімен ғана қалады. Ешбір кәсіподақ, ешбір адвокат көмектеспейді. Мұның бәрі қаражатты қажет етеді", - деді Елжан Біртанов алқа мәжілісінде.

Министр медициналық кәсіподақ грант негізінде оқып, ауылға жіберілген студенттерге профилактикалық жұмыс жүргізбейтінін айтты.

"Түлектерді ауылға жіберуге байланысты жаз бойы жүргізілген жұмыстарға қазіргі уақытта белгісіз күйде болып тұр. Өйткені түлектер үшін ауылға баратын мотивация жоқ. Осындай жағдай бола қалса сот шешімін күтіп отырамыз. Осындай кезде кәсіподақтың көпшілік алдында сөйлегенін көрмеппін", - деді Біртанов.
Өзгелердің жаңалығы